Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Ленин аудандық соты соғысқа қарсы ұрандаған Қазақстан азаматына айыппұл салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.
Ол Ресей әскерін «қаралады» деген айып бойынша әкімшілік жауапқа тартылған. 52 жастағы Нұрлан Ақынжановқа 30 мың рубль көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Санкт-Петербург қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Ақынжанов сот отырысына қатыспаған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік хаттама 30 қараша күні кешке ол «Шок» радиосының кеңсесіне кіргеннен кейін толтырылған. Ол кезде студияда «Вече» баспасының редакторы Глеб Стафеев сұхбат беріп жатқан. Ал аталған баспа Ресейдің Украинадағы соғысын қолдайтын өнімдер шығарумен танылған.
Глеб Стафеевтің айтуынша, Ақынжанов интернеттен оның сұхбат беретіні туралы хабарламаны көріп, студияға әдейі келген. Оның сөзінше, азамат кенеттен студияға басып кіріп, жүргізушіге қол көтеріп, «қазір бәрін жарып жіберемін» деп қорқытқан. Алайда айтылған сөздер іске аспаған.
"Ол айтарын айтып болған соң, полиция қызметкерлеріне өзі берілді", – деді Стафеев.
Оның мәлімдеуінше, Ақынжанов Ресей президенті Владимир Путиннің саясатына қарсылық білдіріп, Украинаны «бауырлас ел» деп атап, қақтығысқа қатысты өз пікірін айтқан.
Нұрлан Ақынжанов Ресей аумағына 2025 жылдың тамыз айының соңында турист ретінде барған және Санкт-Петербург қаласында тұрған. Бұған дейін, 15 қазанда, ол «Питер FM» радиостанциясының кеңсесіне өзін «курьермін» деп таныстырып кіріп, соғысқа қарсы ұрандар айтқаннан кейін ұсталған. Сол кезде оған «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша да әкімшілік хаттама толтырылғаны хабарланған.