Алматы Корея Республикасымен озық су технологияларын енгізу үшін серіктестік орнатты

164
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/APSkTF4xHvvzd76yqxMDBL9M54h1H5Nw0PskayfR.jpg

Алматы қаласы мегаполистің сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жаңғырту бағытында халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде нығайтып келеді. Осы мақсатта Алматы қаласы Энергетика және су шаруашылығы басқармасына қарасты «Алматы Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Корея Республикасының Ұлттық су өнеркәсібі кластерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Корея Республикасының жетекші компанияларымен орнатылған серіктестік Алматы қаласындағы су шаруашылығы саласын цифрландыру үдерісін жеделдетуге, озық халықаралық тәжірибені енгізуге, сондай-ақ су ресурстарын тиімді әрі тұрақты басқаруға мүмкіндік береді. Тараптар су инфрақұрылымын басқаруда заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.

Атап айтқанда, Корея Республикасы «Алматы Су» кәсіпорны жүзеге асырып жатқан «Цифрлық егіз» жобасына қолдау көрсетеді. Бұл жоба датчиктер, жасанды интеллект және симуляциялық модельдер негізінде инфрақұрылым нысандарының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік беретін виртуалды жүйені қалыптастыруды көздейді.

Пилоттық жоба аясында бас тазарту нысандарына заманауи су өлшегіш құралдар орнатылды. Алдағы кезеңде «ақылды» есептегіштерді кеңінен қолдану бағытындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, энергия тиімділігін арттыру мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған су тазарту және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жөніндегі бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұл әріптестік жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және су ресурстарын басқарудағы тиімділікті күшейтуге жол ашады.

Айта кетейік, Корея Республикасының Ұлттық су өнеркәсібі кластері сумен жабдықтау, су тазарту және су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік органдарды, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және жеке сектор өкілдерін біріктіретін беделді құрылым болып табылады.

Ал «Алматы Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны — Қазақстандағы сумен жабдықтау және су бұру саласындағы ең ірі ұйымдардың бірі. Кәсіпорын Алматы қаласын ғана емес, оған іргелес елді мекендерді де сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.

Yorumlar
Diğer Haberler