Алматыда экологиялық шаралар басты басымдыққа айналды

146
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9ZCmRhjADgZVRsyiINwHwU1wBct5mEGfImvcJiPS.jpg

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала үшін экологиялық күн тәртібінің басым бағыт екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін Алматыдағы ЖЭО-2-ні толықтай табиғи газға көшіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ЖЭО-3 нысанын бу-газ технологиясына көшіру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жылу көздерінен бөлінетін зиянды шығарындыларды жиынтығында 92 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Әкімнің мәліметінше, 2027 жылға қарай жеке сектор толықтай, яғни 100 пайыз газбен қамтылады. Ал 2028 жылға дейін қаладағы қоғамдық көлік бағыттарын кезең-кезеңімен экологиялық таза көлік түрлеріне көшіру көзделіп отыр.

Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, қалдықтарды полигондарда көму тәжірибесінен бас тартып, оларды терең қайта өңдеу және энергия алу мақсатында кәдеге жаратуға көшу қарастырылуда. Осы мақсатта жылына 80 мың тоннаға дейін пластикті өңдейтін, сондай-ақ қуаттылығы 150 мың тонна макулатураны қайта өңдеуге арналған зауыттар салу жоспарланып отыр.

Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды өртеу арқылы жою көзделген. Ол үшін тәулігіне 2 мың тонна қоқысты өңдей алатын қоқыс өртеу зауытын салу жоспарлануда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі қазіргі 17,3 пайыздан 37 пайызға дейін өседі деп күтілуде.

«Экологиялық күн тәртібі қала үшін басым бағыт болып қала береді. Экологиялық іс-шараларды жүзеге асыру қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың, қауіпсіз әрі орнықты заманауи қала қалыптастырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады», — деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Yorumlar
Diğer Haberler