Алматыда заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қойылды

78
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HuA2ujgGIoKUa4XmqZN7k5xQ941qajtHa9aa4Wzq.jpg

Алматы қаласында полиция қызметкерлері заңсыз сатылған алкоголь өнімдерін анықтап, көлеңкелі айналымға қарсы кезекті рейд жүргізді.

Аталған шара Профилактика жылы аясында, сондай-ақ Ішкі істер министрі жариялаған «Полиция – заң мен тәртіптің қорғаушысы» ұраны мен «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өткізілді. Рейд барысында Түрксіб ауданының полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуын анықтауға басымдық берді.

Тексеру жұмыстары учаскелік инспекторлар мен жергілікті тұрғындардан келіп түскен шағымдар негізінде жүргізілді. Полиция қызметкерлері заңсыз сауда болуы мүмкін деген бірқатар мекенжайларды қарап, тексеру барысында тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату фактілерін анықтады. Заң талаптарын бұза отырып сатылған ішімдік өнімдері тәркіленіп, сатумен айналысқан азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен заңсыз айналымнан алынған алкоголь өнімдерін белгіленген тәртіппен жою туралы қаулы шығарылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай шаралар ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиевтің айтуынша, алкоголь өнімдерінің көлеңкелі саудасы – қоғамға тікелей қауіп төндіретін факторлардың бірі.

«Заңсыз алкоголь айналымына қарсы күрес – профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Бұл тек бақылау немесе тексеріс емес, бұл – адамдардың денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздігі мәселесі. Мұндай заңбұзушылықтарға жол бермейміз және әрбір дерек бойынша қатаң шара қолданамыз», – деді ол.

Алматы қаласының полиция департаменті тұрғындарды заңсыз алкоголь өнімдерін сатып алмауға және мұндай құқықбұзушылықтарға куә болған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Заңсыз алкоголь сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

Yorumlar
Diğer Haberler