Сарбаздар өлімінен кейін. Бірнеше командир қызметінен кетті

560
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xIiuCmuQ61t1bE5lCZLdyV2kI2jjq7QRPoTN3R6o.jpg

Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметкерлердің қаза табуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрлік басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтты. Олар болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті терең түсінетіндерін жеткізді. Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданған.

«Бірінші. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды.

Екінші. Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.

Үшінші. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.

Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.

Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданғанын мәлімдеді. Атап айтсақ, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әскери қызметкер қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылған.

«Қабылданып жатқан барлық шаралар ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады»,-делінген хабарламада.

Yorumlar
Diğer Haberler