Баласын көтерген депутат мектептегі ахуалды тексеруге барды

114
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fTI0TLbe7KB6jWI9A6z2IVi4ZkPXbfafyalnx9mo.jpg

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген баласын көтеріп, Сәкен Сейфуллин атындағы мектептегі санитарлық жағдайды тексеруге барды.

Депутаттың айтуынша, оқу орнындағы ахуалға байланысты тұрғындардан бірнеше шағым түскен. Тексеру барысында сыныптардың дәретханамен іргелес орналасқаны, сондай-ақ дәретханадан тарайтын өткір иістің балалардың оқуына кедергі келтіріп отырғаны анықталған.

Нұрайым Шақимерген бұл мәселенің балалардың денсаулығына және санитарлық-гигиеналық талаптарға қайшы екенін атап өтті. Аталған жағдай бойынша депутаттық сауал жолданып, мәселе бақылауға алынған.

Сондай-ақ депутат тексеруге баласын бірге апаруына мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзінше, бала күтушінің сырқаттануына байланысты баласын қалдыратын адам болмаған.

Нұрайым Шақимерген өзінің жалғызбасты ана екенін атап өтіп, соған қарамастан халық алдындағы жауапкершілікті кейінге шегермеуді жөн көргенін жеткізді. Оның айтуынша, кей жағдайларда баласымен бірге қоғамдық қызмет атқаруға тура келеді.

"Бұрын жалғызбасты аналарды аяушы едім. Қазір өзім сол қатарға қосылдым.
Бірақ сезімім мүлде басқа. Түсінгенім , жалғызбасты аналар әлсіз емес. Олар ешкімге айтпайтын, ешкімге көрсетпейтін нағыз күштің иесі. Себебі қандай жағдайда да тоқтап қалмайтынын өз басымнан өткеріп жүрмін.

Сол күні бала күтуші ауырып қалды.
Балам өзге ешкімге көнбейді. Ал халықпен кездесу кейінге шегерілмеуі керек, себебі үлкен жауапкершілік. Сондықтан кей сәттерде баламмен бірге елге қызмет етемін", - деді ол.

Yorumlar
Diğer Haberler