Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері конституциялық реформаларды қолдады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3nPjwLpUqhznfHKnzLurRYQiSfg2zO4QjVHtGlsc.jpg

Қарағанды өңіріндегі этномәдени бірлестіктер Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайтындарын білдіріп, бұл бастаманың ұлтаралық келісімді нығайтуға және этномәдени әралуандықты сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Қарағанды облысы — елдегі ең көпұлтты аймақтардың бірі. Мұнда жүзден астам этнос өкілдері өмір сүреді, облыстық деңгейде 20-дан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енген.

Бірлестік өкілдерінің пікірінше, Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтық теңдігін нақтылай түседі, шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік қағидаттарын күшейтеді.

— 15 наурыз — еліміз үшін тарихи белес. Республикамыздың басты құжаты — Конституцияға ауқымды түзетулер енгізілуде. Бұл күні бүкілхалықтық референдумда ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданады. Жаңа Конституция көпұлтты Қазақстанның іргетасы саналатын әділдік пен өзара құрмет қағидаттарын айқындайды, — деді Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зарина Сафарова.

«Дагестан» ұлттық мәдени орталығының төрағасы Рамиз Шаринов реформаларды елдің ұзақмерзімді дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірумен байланыстырады.

— Мен Қазақстанның шынайы патриоты ретінде жастардың келешегіне бейжай қарай алмаймын. Өңірдегі саяси және қоғамдық үдерістерді үнемі назарда ұстаймын. Әрқайсымыз өз тағдырымызға, мемлекетіміздің дамуына жауаптымыз. Жаңа Конституция — еркіндігіміз бен құқықтарымыздың кепілі. Бұл — қазақстандықтардың мүддесіне қызмет етуі тиіс басты заң. Бүгінде онда институционалдық жаңғыру тетіктері, егемендікті нығайту және этномәдени мұраны сақтау кепілдіктері нақты бекітіліп отыр, — деді Рамиз Шаринов.

Lituanica қоғамдық бірлестігінің төрағасы жаһандық өзгерістер кезеңінде азаматтық жауапкершілік танытудың маңызын атап өтіп, қоғамдық келісім мен барлық азаматтарға тең мүмкіндік қағидаттарын нығайтуға бағытталған реформаларды қолдауға шақырды.

«Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Семен Раков та қазақстандықтарды референдумға белсенді қатысуға үндеді.

— Әр азамат референдумға қатысуы қажет деп санаймын. Өйткені қабылданатын шешім еліміздің, балаларымыздың, немерелеріміз бен шөберелеріміздің болашағына тікелей әсер етеді, — деді ол.

Реформаларды қолдау пікірлері Қарағанды облысының Достық үйінде өткен және Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған «Алғысым саған шексіз!» акциясы аясында да айтылды. Бұл мереке дәстүрлі түрде қоғамды тарихи жады, ынтымақ пен ел болашағына ортақ жауапкершілік құндылықтары төңірегіне топтастырады.

— Алғыс айту күні бүкіл Қазақстан халқы үшін маңызды қоғамдық оқиғаның қарсаңында өтіп отыр. Елімізде әрдайым бейбітшілік, өзара түсіністік пен ырыс-береке үстем болсын. Бір-бірімізге деген құрмет қоғамымыздың мызғымас тірегі болып қала берсін, — деді «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Увайс Джанаев.

Іс-шара барысында дәрігерлерге, педагогтарға, жаттықтырушыларға, полиция мен өрт сөндіру қызметінің мамандарына алғыс білдірілді. 

Әсіресе әскери қызметшілердің аналарымен кездесуі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. 

Акция аясында халықтық қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып, сыйлық жасау бойынша шеберлік сағаттары өткізілді.

Yorumlar
Diğer Haberler