Бүгін – Қазақстанның бірінші және соңғы вице-президенті Ерік Асанбаевтың туғанына 90 жыл.
Қостанай облысының тумасы Ерік Мағзұмұлы Асанбаев 1936 жылы 10 наурызда дүниеге келген. Ол Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат және экономика ғылымдарының докторы ретінде еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға.
1959–1967 жылдары Ерік Асанбаев ҚазҰУ мен Мәскеу қаржы институтында, Қазақ КСР Мемлекет жоспарлау комитетінің ғылыми-зерттеу институтында, сондай-ақ Қазақ КСР Қаржы министрлігі жүйесінде еңбек етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылдан бастап, ол Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды. 1994–1996 жылдары ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін атқарды. 1996 жылы қызметтік өкілеттігі тоқтатылып, ақпаннан бастап 2000 жылға дейін Германиядағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болды. Елшілік кезінде Берлинде Абайға көше атын беруге атсалысқан.
Мемлекеттік қызметтен тыс қалғаннан кейін Ерік Асанбаев туралы саясаткерлер де пікір білдіріп, өз естеліктерімен бөліскен. Мысалы, Серікболсын Әбділдин «Азаттыққа» берген сұхбатында:
«Назарбаевқа қолынан іс келетін адамдар керегі жоқ. Ал вице-президент Асанбаев өз пікірін айтуға батылы бар адам еді. Мұндай адамға құлақ аспайтын болса, қауіп туғызуы мүмкін, сондықтан оны шетелге жіберді» – деген.
Ерік Асанбаев «Отан» орденімен марапатталған. Ол 68 жасында, 2004 жылдың 23 тамызында өмірден озды.
