Ерлан Қошанов: Көз алдымызда  жауапкершілік пен жанашырлықтан бастау алатын жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6bAkf4xlxLAqSl7L5H5mo44V8n3w2rYxtJEuQVP8.jpg

Мәжіліс төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында кейінгі жылдары қазақстандықтардың ой-санасы үлкен өзгерістерді бастан кешіргеніне назар аударды.

Ол 2022 жылдан бері Президенттік сайлау жөніндегі республикалық штаб пен референдум өткізу жөніндегі коалиция құрамында ел өңірлерін бірнеше рет аралап шыққанына тоқталды. Спикердің айтуынша, ол әр сапар сайын қоғамымыздың саяси тұрғыдан толысып келе жатқанын байқаған. 

– Біздің көз алдымызда  жауапкершілік пен жанашырлықтан бастау алатын жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл – ең алдымен Мемлекет басшысының реформаторлық бастамаларының, бағытының нәтижесі. Ел тағдырына қатысты барлық шешімді халықтың өзі қабылдайтыны туралы Президент жиі айтады. Міне, бүгін сол қағиданың нақты іске асқанына куә болып отырмыз. Қазір азаматтар еш нәрсеге бей-жай қарамайды. Қызу  талқылайды, ұсыныс-пікірлерін айтады, ашық таңдауын жасай алады. Әр адамның дауысы болашақты айқындайтынын терең түсінеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошановтың пікірінше, бұл құбылыс «халықпен бірге» принципінің жемісті жүзеге  асып жатқанын көрсетеді. Яғни азаматтардың бастамасы, белсенділігі, ой-санасы түбегейлі өзгерді. Қазір оларды жеке бас мәселесі емес, елдің ертеңі, ұлттың болашағы толғандырады.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Коалиция мүшелерінің ел аумағында тұрғындармен, зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен, еңбек ұжымдарымен ондаған мың кездесу өткізгеніне тоқталды. Тұтастай алғанда бұл – миллиондаған адаммен арадағы тікелей әрі ашық диалог. Мәжіліс төрағасы  осы кездесулердегі айрықша атмосфера – шынайы әрі емен-жарқын жүздесулер ерекше есінде қалғанын айтты.

– Адамдар Конституцияны қалай түсінетінін, өз үміт-тілегін, жоспарын, кейде толғандырған мәселелерін ортаға  салды. Тіпті өмірлік тәжірибелерін сөз етіп, оны Конституция жобасын құптаудың себебі ретінде баяндады. Жаңа Ата заңды қолдауға жыр арнағандар да болды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері айтып өткендей, өңірлерге сапарлар кезінде үгіт-насихатпен қатарласа бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Ерлан Қошанов жетекші партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмылып атқарған ауқымды әрі ортақ жұмыс арқылы Коалиция еліміздің әр аймағындағы азаматтарға Президент реформаларының мән-маңызын ұғындырғанына сенім білдірді. Соның нәтижесінде әрбір азамат осы өзгерістерден өз жанына жақын әрі маңызды дүниелер тапты. Отбасының, өз болашағының және тұтас мемлекеттің мүддесіне сай келетін құндылықтарды байқады.

Yorumlar
Diğer Haberler