Асаубаеваға бөлінген қаражатқа қатысты дау. Федерация не дейді?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sqGHgC2cGp8n1DQtCiJeDVmhgV7X0BgNPmXAAMGo.jpg

Шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова қызына бөлінетін қаржы көлеміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін спортшыға соңғы 4 жылда елдің шахмат федерациясынан 388 млн теңге бөлінгені туралы ақпарат тараған еді.

«Соңғы 4 жылда Бибісараға 847 мың доллар бөлінді деп айтылып жатыр. Бұл — гранттар мен сыйақылар. Бибісара федерациядан жалақы алмайды. Жалпы сома - 388 млн теңге. Оның 315 миллионы - гранттар, 73 миллионы - сыйақылар. Алайда гранттар бізге берілмейді. Олар жаттықтырушыларға федерация арқылы тікелей төленеді. Бұл қаражат салық шегерілгеннен кейін төленеді», - деді ол.

Таңжарықова салықтан кейін төрт жылда гранттар көлемі 220 миллион теңгені, ал сыйақылар 58 миллион теңгені құрағанын атап өтті. Осылайша, қолға тиген жалпы сома 278 миллион теңге болған.

«Төрт жыл ішінде жаттықтырушыларға шамамен 465 мың доллар төленген. Ал сыйақы көлемі - 122 мың доллар. Бізде тұрақты жалақы жоқ, тек жеңіске жеткен жағдайда ғана сыйақы беріледі»,–деді спортшының анасы.

Ол федерацияның жалпы бюджеті қалай бөлінетінін сұрады. Айтуынша, шахмат ұйымының жылдық қаржыландыруы шамамен 10 млн долларды құрайды.

«Федерация 4 жылда бөлінген 30 млн долларды қайда жұмсады? Федерацияға қояр сұрағым осы. Жауап күтемін», — деді Таңжарықова видеоүндеуінде.

Қазақстан шахмат федерациясы Бибісара Асаубаеваның қаржыландырылуына қатысты дау туындағаннан кейін пікір білдірді. Ұйым өкілдері шахматшы ұлттық құраманың барлық мүшесінің ішінде ең үлкен қолдауға ие екенін жеткізді.

Федерация мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы шахмат тек кәсіби спорт қана емес, ел бойынша ондаған мың адамды қамтитын ауқымды жүйеге айналған. Оған балалар мен жасөспірімдер бағыты, ұлттық құрамаларды дамыту, инфрақұрылым және жаттықтырушылар корпусы кіреді.

«Қазақстандағы шахмат — ондаған мың бала, ата-ана, жаттықтырушы және кәсіби ойыншыларды біріктіретін ірі республикалық экожүйе», — деп мәлімдеді федерацияда.

Соңғы екі жылда елде шахмат белсенділігі айтарлықтай артқан. 2023 жылы шамамен 1,5 мың турнир өткізілсе, 2025 жылға қарай олардың саны 3,8 мыңнан асқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирлерде 162 медаль жеңіп алған, оның 64-і — алтын. Федерация бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең үздік нәтиже екенін атап өтті.

Федерация дерегіне сәйкес, 2023–2026 жылдары Бибісара Асаубаеваға шамамен 388 млн теңге бағытталған.

«Спортшылардың ішінде ең үлкен қаржылық қолдауды Бибісара Асаубаева алады. 2023–2026 жылдардағы жиынтық көлем шамамен 388 млн теңгені құрайды», — деп хабарлады ұйым.

Бұл сомаға гранттар мен нақты спорттық жетістіктер үшін берілген сыйақылар кіреді. Мысалы, 2023 жылы 95 млн теңге грант және 28 млн теңге сыйақы төленген. Кейінгі жылдары да қаржыландыру жоғары деңгейде сақталған.

Федерацияның мәліметінше, бұл қолдау ұлттық құраманың басқа жетекші ойыншыларына бөлінетін қаржыдан орта есеппен 3–5 есе көп.

2026 жылы қолдау көлемі ұлғайған. Жалпы сома 105 млн теңгені құраған, оның 80 млны –  «алтын пакет» пен федерация президентінің гранты. Бұған қоса, блиц бойынша әлем чемпионатындағы жеңісі үшін шахматшыға 25 млн теңге, ал жаттықтырушысына 10 млн теңге төленген.

Федерацияда сондай-ақ Асаубаеваның тек федерациядан ғана емес, басқа ұйымдардан да қолдау алатыны айтылды.

«Спортшы басқа көздерден, соның ішінде Sport Qory қорынан тұрақты түрде демеушілік көмек алады», — делінген түсіндірмеде.

Сынға жауап ретінде федерация шахматты қаржыландыру бір көзден жүргізілетінін және қаражат көптеген бағытқа, атап айтсақ,  спортшыларды дайындаудан бастап халықаралық турнирлер өткізуге дейін бөлінетінін атап өтті.

«Федерацияның жылдық бюджеті 5 млрд теңгеден асады. Қаржыландыру Freedom Holding Corp.компаниясынан жүзеге асырылады», — деп хабарлады ұйым.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан шахмат федерациясын кәсіпкер Тимур Турловбасқарады. Forbes мәліметінше, оның байлығы 6,3 миллиард долларды құрайды және ол Қазақстандағы ең бай азаматтар тізімінде екінші орында тұр.

Yorumlar
Diğer Haberler