Парсы шығанағы күні. Португалдықтарды жеңген ирандықтар

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yBDnmOws5Obe765aMRsx3ojHoT5yEqoUWyEtG47w.jpg

Бүгін — Иранда Парсы шығанағы күні, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл күн елдің оңтүстік жағалауын шетелдік отаршыл күштерден азат ету құрметіне белгіленген.

Тарихи деректерге сәйкес, шешуші жеңіс 1622 жылы Аббас I басқарған әскердің португал отаршыларына қарсы соғысында қол жеткізілді. Нәтижесінде Ормұз аралы толық азат етіліп, Парсы шығанағындағы шетел үстемдігіне нүкте қойылды.

Иран үшін Парсы шығанағы тек географиялық нысан ғана емес, стратегиялық маңызы зор аймақ саналады. Бұл өңір арқылы елдің негізгі сауда жолдары өтеді әрі әлемдегі мұнай мен газ қорының едәуір бөлігі осы жерде шоғырланған.

Тарихи жеңістен кейін Иран аймақтағы ықпалын күшейтіп, бірнеше ғасыр бойы басымдыққа ие болды. Бұл оқиға тек әскери жетістік емес, сонымен қатар елдің геосаяси позициясын нығайтқан маңызды кезең ретінде бағаланады.

Осыған орай, Иран президенті Масуд Пезешкиан ұлттық мерекеге байланысты жолдау жасап, Парсы шығанағының маңызын ерекше атап өтті.

«Парсы шығанағының ұлттық күні – бұл су жолы ирандықтардың ұлттық болмысының ажырамас бөлігі және ұлы Иран ұлтының ескі және жаңа отаршылдарға қарсы тұруының символы екендігін көрсететін тарихи шындықты қайта бағалау мүмкіндігі», – деді ол.

Президенттің айтуынша, Иран әскери-теңіз күштерінің қазіргі әрекеті елдің аймақтық қауіпсіздік пен маңызды энергетикалық тасымалдау жолдарын қорғаудағы шешуші рөлін айқындайды.

Қазіргі таңда Ормұз бұғазы әлемдегі ең маңызды теңіз жолдарының бірі саналады.

Yorumlar
Diğer Haberler