Сайрам ауданындағы орталық саябақ жаңартылып, жаңа ойын-сауық алаңы ашылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/noJcuczhzxPb1te0PWNeVh8dMULVyTGSI19ThFoW.jpg

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар жалғасуда. Соның бірі – Сайрам ауданы Ақсу ауылындағы орталық саябақтың жаңартылуы.

Жаңа нысан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай пайдалануға берілді.

Жаңартылған саябақта заманауи инфрақұрылым толық қамтылған. Аумағында субұрқақ орнатылып, айналасы көгалдандырылған. Демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион жұмыс істейді. Сонымен қатар келушілерге арналған фуд-корт аймақтары мен тынығу орындары қарастырылған. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, шамамен 675 миллион теңге инвестиция тартылған.

Салтанатты шараға өңір басшысы Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл күн елдегі татулық пен келісімнің символы екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент тапсырмалары аясында өңірде этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда 39 этнос өкілдері бірлікте өмір сүріп келеді.

Жаңартылған саябақ аудан тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек.

Yorumlar
Diğer Haberler