Өзбекстан кеңес билігі қуғындаған 161 адамды ақтады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HUNvz2hjr3dG70dd0Tcg0K2J64xCEhriwZP5xfUP.png

Фото: Fergana

2026 жылғы 6 мамыр күні Өзбекстанның Жоғарғы соты 1920–1934 жылдары кеңес билігі тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған 161 адамды – Ферғана, Бұхара және елдің өзге өңірлерінен шыққан шаруаларды, саудагерлерді, қолөнершілер мен дін өкілдерін ақтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеп.

Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары Әлішен Усманов төрағалық еткен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қызыл террор дәуірінде ОГПУ үштіктері мен әскери кеңестер қозғаған сегіз архивтік қылмыстық істі қарады. Отырыстың қорытындысы бойынша барлық айыпталушыларға апелляциялық инстанцияда ақтау үкімі шығарылды. Бұл туралы Gazeta.uz Өзбекстан Жоғарғы сотына сілтеме жасап хабарлады.

Ақталғандардың басым бөлігіне бастамашылар қозғалысына көмектесті, қарулы жасақтар ұйымдастырды және сол кездегі РКФСР Қылмыстық кодексінің 56–67-баптары бойынша «кеңеске қарсы әрекетпен» айналысты деген айып тағылған. Алайда ешқандай нақты сот процесі жүргізілмеген: үкімдерді соттан тыс органдар – «үштіктер» шығарған. «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейінің директоры Бақтияр Хасановтың айтуынша, олардың отырыстары алдын ала жазылған сценарий бойынша өткен. Сотталғандардың бір бөлігі атылып кеткен, қалғандары үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге концлагерьлерге жіберілген.

Өзбекстанда қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары 2020 жылдан бері президент Шавкат Мирзиеёв жарлығы негізінде жүргізіліп келеді. Бұл жарлық зерттеушілерге Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ІІМ және өзге де ведомстволардың құпия архивтеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Осы шешімнен кейінгі жылдары Өзбекстанда кеңестік қуғын-сүргіннің 1200-ден астам құрбаны кезең-кезеңімен ақталды.

Негізінен 1920–1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар – саясаткерлер, ұлттық қозғалыс қайраткерлері, дін лидерлері, зиялы қауым өкілдері, «кеңеске қарсы үгіт жүргізді» деп айыпталған шаруалар мен саудагерлер ақталып жатыр. Мирзиёевтің айтуынша, КСРО кезеңінде шамамен 100 мың өзбек қуғын-сүргінге ұшыраған, олардың шамамен 13 мыңы атылған. Қазіргі ақтау толқыны – олардың адал есімін қалпына келтіруге бағытталған кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

Yorumlar
Diğer Haberler