Президент Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысымен кездесті

100
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BPHlVI2DdJJiVyZJzcBVvMqnvsubqhF7fpA3DTxq.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақорда мәліметінше, тараптар Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Президент Қазақстанның агенттікпен көпжылдық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Сіздің 2023 жылғы сәуірдегі Қазақстанға алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымызға қосымша серпін берді. Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелерінде біздің ұстанымдарымыз ұқсас деп санаймын. Қазіргі әлемдегі күрделі жағдай жаһандық мәселелерді шешуде күш біріктіруді талап етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастықты 2036 жылға дейін тереңдету жөніндегі жол картасының, сондай-ақ ядролық медицина мен ғылым саласындағы бірқатар құжаттардың қабылдануын құптады.

Өз кезегінде Рафаэль Гросси Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және ядролық қаруды таратпау режиміне тұрақты түрде үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстанда жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған атом энергетикасын дамыту бағдарламасының іске қосылуын құттықтады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Рафаэль Гроссиге БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидатурасын ұсыну ісінде сәттілік тіледі.

Yorumlar
Diğer Haberler