Алматыда «India’s Strategic Autonomy: A Special Feature» кітабының таныстырылымы және «Incredible India: New Opportunities for Kazakhstan» халықаралық дөңгелек үстелі өтті

504
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lKH1hNTvkpOKvUtpuVxE4pXIa1xmVCSxJZkTBvR6.jpg

2026 жылғы 22 мамырда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында «India’s Strategic Autonomy: A Special Feature» кітабының таныстырылымы және «Incredible India: New Opportunities for Kazakhstan» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Халықаралық қатынастар зерттеу орталығы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара Үндістанның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі стратегиялық рөлін, сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған маңызды халықаралық сараптамалық алаңға айналды. Жиынға дипломаттар, ғалымдар, зерттеушілер мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми-техникалық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Анар Мұхтарова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси топ жетекшісі Алмаша Арыстанқызы Аренова, сондай-ақ Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, India Central Asia Foundation ұйымының президенті Ашок Кумар Шарма құттықтау сөз сөйледі.

Бағдарламаның маңызды бөлігі «India’s Strategic Autonomy: A Special Feature» кітабының таныстырылымы болды. Басылымды Радж Кумар Шарма таныстырып, еңбектің негізгі мазмұнына, Үндістанның стратегиялық автономиясы, сыртқы саяси басымдықтары және қазіргі халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі орнына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды.

Кітапқа сараптамалық шолу жасаған Халықаралық қатынастар зерттеу орталығының директоры Думан Құрманғазыұлы Жекенов аталған еңбектің қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайындағы өзектілігін және Үндістан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты зерттеудегі маңызын атап өтті.

Сараптамалық сессия аясында халықаралық қатынастар және шығыстану саласындағы мамандар баяндамалар жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің профессоры Лаура Гибратқызы Ерекешева Қазақстан мен Үндістан арасындағы қатынастардың даму перспективаларына тоқталды. India Central Asia Foundation ұйымының директоры және Нью-Делидегі MERI Centre for International Studies орталығының жетекшісі Рамакант Двиведи Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ұсынды. ERI Research Center орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Альбина Мирзаханқызы Мұратбекова халықаралық өзара іс-қимылдың заманауи үрдістеріне арналған аналитикалық баяндама жасады.

Пікірталас барысында қатысушылар Қазақстан мен Үндістан арасындағы академиялық, мәдени және стратегиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестікті кеңейтуге деген өзара қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, екі ел арасындағы сараптамалық және ғылыми диалогты дамытуға елеулі үлес қосты.

Ұйымдастырушылар барлық спикерлерге, қатысушылар мен қонақтарға белсенді қатысқандары және мазмұнды пікір алмасуға үлес қосқандары үшін алғыс білдіріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.

 

Yorumlar
Diğer Haberler