Ғалымдардың да өз құқығын қорғайтын омбудсмені болады

65
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QYXs3YJ6ueqR4Qh42blnoP1MHI25QYBFpWT3AjcE.jpg

Елімізде Ғалымдар құқығы жөніндегі омбудсмен институты құрылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

“Біз ұсынған түзетулер заң болып бекітілді. Енді Қазақстанда алғаш рет заң жүзінде ғалымдардың құқығы мен академиялық бостандығы туралы нақты кепілдіктер беретін нормалар пайда болды. Бұған қоса, арнайы жаңа институт – Ғалымдар құқығы жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі, - деп жазды Аймағамбетов.

Депутат бұл өзгерістер нақты не беретінін түсіндірді.

«Біріншіден, заң жүзінде академиялық бостандық кепілдендіріледі. Енді әрбір ғалымның зерттеу бағытын өз қалауымен еркін таңдауға, сыртқы қысымсыз өзінің ғылыми пікірін ашық білдіруге және халықаралық ғылыми қауымдастықтарға емін-еркін мүше болуға толық құқығы заңда жазылды. Екіншіден, Ғалымдар құқығы жөніндегі омбудсмен институты құрылады. Оны біз Ұлттық ғылым академиясының жанынан ашылсын деп ұсындық. Бұл уәкілетті тұлға енді ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтарын тікелей қорғайтын болады», - деді ол.

Ол Омбудсмен нақты немен айналысатынын тізіп берді. Атап айтқанда:

• Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштер мен шағымдарды тікелей қарайды.

• Ғалымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша консультациялық көмек береді.

• Мемлекеттік органдармен, білім және ғылым ұйымдарымен ғалымдардың мүддесін қорғау үшін тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

• Ғалымдардың құқықтарын қорғауды жақсарту мақсатында ғылым және технологиялық саясат жөніндегі заңнаманы жетілдіруге байланысты Ұлттық академияға және уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды әрқашан қолдайды. Жаңа заңнамалық саясатта бұл — басты басымдық”, — деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Yorumlar
Diğer Haberler