Трамптың туған күні мереке болмады. Иранмен келісімге қол қойылмады – кейінге қалды

314
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cvI8MwEbIjQVuuQr56tDttMZY9uj6StD5MGkRlJ6.png

АҚШ пен Иран 19 маусым күні Швейцарияда бейбіт келісімге қол қояды. Бұл туралы екі ел арасындағы келіссөздерге делдал болып жүрген Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол тараптарға «қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге деген ұстанымы үшін» алғыс айтып, келіссөздерге араағайындық жасаған Қатарға, сондай-ақ осы бағыттағы елеулі үлесі үшін Сауд Арабиясы мен Түркияға ризашылығын білдірді.

«Келісімге қол жеткізілген соң делдалдар осы аптада бірқатар кездесу ұйымдастырады. Келісімді іске асыру алдындағы бұл талқылаулар техникалық келіссөздерге және ресми қол қою рәсіміне негіз болады», - деді Шариф.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен жасалатын бейбіт мәміле «енді толық келісілгенін» мәлімдеді. Сонымен қатар Ақ үй басшысы АҚШ әскери-теңіз күштерінің Ормұз бұғазындағы блокадасын алып тастауды тапсырғанын хабарлады.

«Иран Ислам Республикасымен келісім жасалды. Баршаңызды құттықтаймын. Осы арқылы мен Ормұз бұғазын кемелердің еркін өтуі үшін ашуға рұқсат беремін және сонымен бірге АҚШ Әскери-теңіз күштері тарапынан теңіз блокадасын дереу тоқтату туралы бұйрық беремін. Әлемнің барлық кемесі қозғалысты бастасын. Мұнай еркін ақсын»,- деді президент.

Трамп бұғазды ашу 19 маусымда Иранмен келісімге қол қойылғаннан кейін жүзеге асатынын атап өтті.

АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс келісімге қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, Женевадағы кездесуге Трамптың өзі де келуі мүмкін.

Шахбаз Шарифтің айтуынша, АҚШ пен Иран әскери әрекеттерді барлық бағытта, соның ішінде Ливанда да түпкілікті тоқтатуға келіскен.

Ливанға қатысты тармақ Иран үшін маңызды шарттардың бірі болған. Себебі ел аумағында Израиль мен Иран қолдайтын Хезболла қозғалысы арасындағы қақтығыстар жалғасып келеді. 14 маусымда Израиль Бейруттағы «Хезболла» бақылауындағы аудандарға кезекті әуе соққыларын жасаған еді. Израиль бұл әрекетін қозғалыс тарапынан жасалған шабуылдарға жауап ретінде түсіндірген. Ал Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхунің әрекетін сынға алған болатын.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади де АҚШ-пен қол жеткізілген уағдаластықтарды растады. Оның айтуынша, тараптар алдымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды.

Гарибабадидің сөзінше, 60 күн ішінде түпкілікті бейбіт келісім бойынша келіссөздер жалғасады. Осы кезеңде Иран меморандум талаптарының орындалуын мұқият бақылап отырады.

Өз кезегінде Трамп бұл келісімді «бұған дейін ешкімнің қолынан келмеген тарихи жетістік» деп бағалады.

«Өңір басшылары алғаш рет шынайы бейбітшілікке қол жеткізуге көмектесе алатын президентті тапты», - деп жазды ол.

Еске салайық, Трамп 14 маусым күні өз туған күнінде АҚШ Вашингтон мен Тегеран арасындағы атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

 

Yorumlar
Diğer Haberler