ҚазТАГ бас редакторы үйқамақ режимін тағы да бұзды. Сот ресми мәлімдеме жасады

196
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jubRbFW8tvQJIBUduBwgKioVVQQh3T5HdUo8AG1m.jpg

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамақтан босатылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталғаны жөнінде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабына сәйкес қылмыстық іс сотқа келіп түскен кезде судья бұлтартпау шарасы мәселесін қарайды. Осы іс бойынша сот 5 маусым күні бұрын таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты сот Қасеновтің бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген мәлімдемелері сот актісінің мазмұнына қайшы келетінін атап өтті.

Сондай-ақ сот қаулылары процеске қатысушылар мен олардың қорғаушыларына қолжетімді «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесінде орналастырылатыны ескертілді. Заңға сәйкес, тараптар сот актілерімен белгіленген тәртіп бойынша таныса алады. Одан бөлек, соттың баспасөз қызметі жүктелген шектеулер мен міндеттер бұзылған жағдайда сот бұлтартпау шарасын қатаңдатуға құқылы екенін де мәлімдеді.

Yorumlar
Diğer Haberler