45 млн теңге жүлде. Қымыз жарысы өтеді

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GrtChdwOpQTQzpsYK5f7qbLau2ftpvztA9yZSeVR.jpg

11–12 шілде күндері Астана қаласындағы Қазанат ипподромы аумағында қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған «BaiQymyz – бапталған қымыз» халықаралық фестивалі өтеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылатын ауқымды шараға 70-тен астам қымыз өндіруші қатысып, бірнеше тонна қымыз әкелінеді деп күтілуде.

Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – қымыз өндірушілер арасындағы байқау. Жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Ал бас жүлде жеңімпазына автокөлік табысталады.

«BaiQymyz» гастрофестивалінің авторы Жұмажан Қалтаев "Адырна" ұлттық порталына сұхбат берді.

Оның айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – қымыз мәдениетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қымыз өндірушілердің кәсібін дамытуға қолдау көрсету.

Шара барысында келушілер қымыздың сан алуан түрінен дәм татып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық ойындарымен және мәдени мұрасымен таныса алады. Балаларға арналған арнайы ұлттық ойындар ұйымдастырылып, зейнеткерлер мен балалар үшін кіру тегін болады.

Ұйымдастырушылар фестивальге келушілердің қымызды тегін татып көруіне мүмкіндік жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар шара аясында кітап көрмесі де өтеді.

Жұмажан Қалтаевтың пікірінше, әлем жылқыны алғаш қолға үйреткендердің бірі ретінде Ботай мәдениетін мойындағанымен, қазақ халқы өз ұлттық мұрасының құндылығын толық сезіне бермейді. Сондықтан фестиваль ұлттық сусынның қадір-қасиетін танытып, жастардың тарихи тамырына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Yorumlar
Diğer Haberler