Конституциялық сот Қаңтар оқиғасында интернеттің өшуіне баға берді

261
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QT1tKwsdCk8sSripSwq0xwKlKliWr1slwgvyGjQD.webp

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда интернет пен мобильді байланысқа қойылған уақытша шектеулерге байланысты қозғалған іс бойынша Конституциялық сот өз шешімін шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Іс материалдарына сәйкес, Алматы тұрғыны байланыс қызметтерінің тоқтатылуын тұтынушы құқығын бұзу деп бағалап, сотқа жүгінген. Алайда бірінші сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмағаннан кейін азамат Конституциялық сотқа өтініш берген.

Соттардың шешімі «Байланыс туралы» заңдағы ұлттық қауіпсіздік органдарына шұғыл жағдайларда байланыс желілерінің жұмысын, байланыс қызметтерін және интернет-ресурстарға қолжетімділікті уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін нормаға негізделген. Мұндай шаралар ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында қолданылуы мүмкін.

Өтініш иесі аталған норма Конституцияда кепілдік берілген халықаралық шарттардың басымдығы, сот арқылы қорғану құқығы, сөз бостандығы және ақпарат алу еркіндігі сияқты құқықтарға қайшы келеді деп есептеген. Конституциялық сот өз қаулысында ақпаратты алу және тарату құқығы абсолютті емес екенін атап өтті. Соттың түсіндіруінше, бұл құқық конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін. Даулы норма қауіптің алдын алуға бағытталған профилактикалық шара ретінде қарастырылған.

Сонымен қатар Конституциялық сот құқықтық реттеуде бірқатар кемшіліктер бар екенін де көрсетті. Атап айтқанда, байланысқа шектеу енгізуге негіз болатын қауіптің нақты өлшемдері айқындалмаған, «ауыр және аса ауыр қылмыстарға әкелуі мүмкін» немесе «кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар» секілді жалпылама ұғымдардың қолданылуы құқықтық нақтылықты төмендетеді. Сондай-ақ нормада мұндай шектеулердің уақытша сипатта болуы нақты көрсетілмеген.

Сот ұлттық қауіпсіздік органдары қабылдайтын мұндай шешімдер кейіннен сот бақылауына жататынын, яғни олардың қажеттілігі, негізділігі және туындаған қауіпке сәйкестігі сот тәртібімен тексерілуі мүмкін екенін атап өтті.

Нәтижесінде Конституциялық сот интернет пен байланысты уақытша өшіруге мүмкіндік беретін даулы норманы Конституцияға сәйкес деп танып, оның қолданыста қалатынын мәлімдеді. Сонымен бірге заңнаманы құқықтық нақтылық тұрғысынан жетілдіру қажеттігіне назар аударды.

Yorumlar
Diğer Haberler