Өзбекстандағы қазақтар саны жарияланды

104
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bhmBTyE1wcSo814ATfBgDfG2kPQWT41pEqiLQW3w.jpg

Өзбекстанда жүргізілген халық санағының алдын ала қорытындысы бойынша, елдегі қазақтардың саны 707 330 адамды құрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл республика халқының 1,81% құрайды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың 15 қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстан халқының жалпы саны 39 млн 47 мың 321 адамға жеткен. Бұл бұрынғы статистикалық есептерден 810,6 мың адамға немесе 2,1%-ға көп.

Ұлттық құрамы бойынша өзбектер басымдыққа ие. Олардың саны 34,9 млн адамды немесе халықтың 89,4% құрайды. Бұдан кейін тәжіктер 1,28 млн (3,27%), қарақалпақтар 841,4 мың (2,15%), қазақтар 707,3 мың (1,81%) және орыстар 606,5 мың (1,55%) орналасқан.

Сондай-ақ елде 219,1 мың қырғыз (0,56%) және 194,8 мың түрікмен (0,5%) тұрады. Өзге этнос өкілдерінің жалпы саны 300 мыңнан асады.

Халық санағының алдын ала нәтижелері бойынша, Өзбекстан халқының 21,3 миллионы қалаларда, ал 17,8 миллионы ауылдық жерлерде тұрады.

Айта кетейік, бұған дейін ресми деректерде 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша Өзбекстанда 800 мыңнан астам қазақ тұрғындар тұратыны хабарланған.

Yorumlar
Diğer Haberler