“Алаяқтық үшін”. Сотталған экс-төраға мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

200
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/omGu2X65Pxyz7iDPDZ0RJrnsXay9f0mxvxQi15p8.webp

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сот оны жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы шешімді биылғы ақпан айында қабылдаған.

Ведомствоның хабарлауынша, Абылай Мырзахметов жазасын өтеу барысында төрт мәрте көтермеленген. Мінез-құлқының оң бағалануы және жеңілдетілген жағдайда ұсталуы оған жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтініш беруге мүмкіндік берген.

Тиісті шешімді Павлодар облыстық соты шығарды.

Жазаның өтелмеген бөлігінде Абылай Мырзахметов тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Оған тұрақты мекенжайын өзгертуге, пробация қызметін хабардар етпей облыс аумағынан шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.

Айта кетейік, Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы №46 мекемеде жазасын өтеді. Бұған дейін Бас прокуратура түзеу мекемесінде өндірістік цехтың ашылғанын хабарлаған. Онда сотталғандар спорттық киімдер тігіп, ағаш және металл бұйымдарын, сондай-ақ биг-бэг қаптарын шығарумен айналысқан.
Прокуратураның мәліметінше, Абылай Мырзахметов өндірісті ұйымдастыруға қатысып, бірнеше тігін машинасын өз қаражатына сатып алған және өзге сотталғандармен бірге өндірісте еңбек еткен.

Абылай Мырзахметов 2024 жылы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылған.

Yorumlar
Diğer Haberler