Сот «ҚазТАГ» агенттігі басшыларына қатысты үкім шығарды

298
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Y02p7hhFLxifOXPhDJmPQjSriZzMwY049t5ieywI.jpg

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот үкімімен агенттіктің бас директоры Әсет Матаев қызметтік міндеттеріне адал қарамау және бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Ал агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, рақымшылық туралы заңды ескере отырып, 1 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды. Оған бес жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Іс бойынша тағы бір айыпталушы Жанна Қапарова да кінәлі деп танылды. Алайда рақымшылыққа байланысты оған тағайындалған жаза толық қысқартылды.

Сонымен қатар сот Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Жанна Қапаровадан «Фридом Финанс» компаниясының пайдасына 165,4 миллион теңге материалдық шығынды, 36,3 миллион теңге көлеміндегі сот шығындарын және 4,9 миллион теңге мемлекеттік бажды ортақ тәртіппен өндіру туралы шешім шығарды.

Сот барысында судья Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке Медеу аудандық сотының жарияланған материалдарды алып тастау туралы шешімі орындалмаған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделуі мүмкін екенін ескертті. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушы тарап оны Алматы қалалық сотына апелляциялық тәртіппен шағымданатынын мәлімдеді.

Қылмыстық іс «Фридом Финанс» компаниясының арызынан кейін қозғалған. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы «ҚазТАГ» агенттігі компания мен оның негізін қалаушы Тимур Тұрловтың қызметіне қатысты 250-ден астам материал жариялаған. Компания жарияланған айыптауларды жоққа шығарған.

Бұған дейін бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары, оның ішінде «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF), агенттік басшыларына қатысты қылмыстық қудалауға алаңдаушылық білдірген еді.

Yorumlar
Diğer Haberler