Мәскеудегі жарылыс. Үш адам қаза тапты

251
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5lmMHXL52ntahiEgvZGhLhC33XDSX3nJdRjRF6eN.jpg

Мәскеуде орналасқан Кудрин алаңындағы мейрамханада жарылыс болды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды. Бұл туралы Ресейдің ұлттық антитеррорлық комитеті хабарлаған.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға қолдан жасалған жарылғыш құрылғының іске қосылуынан болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жарылғыш затты алып жүрген әйел құрылғыны мейрамханаға кіргізбек болған. Салдарынан құрылғы сыртта жарылған.

Қаза тапқандар қатарында жарылғыш құрылғыны алып жүрген әйел, оны ғимаратқа кіргізбеген күзет қызметкері және бір келуші бар. Зардап шеккендердің нақты саны әртүрлі дереккөздерде өзгеше көрсетілгенімен, ұлттық антитеррорлық комитет 21 адамның жараланғанын хабарлады.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, жарылыс Balzi Rossi мейрамханасының маңында, жазғы верандаға кіреберіс тұста болған. Сол уақытта онда жеке іс-шара өтіп жатқан. Кейбір басылымдар кешке шамамен 50 адам қатысқанын хабарлады.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде мейрамхана ішінде газ баллоны жарылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда мейрамхананың бас аспазы Карло Альфиери бұл мәліметті жоққа шығарып, жарылыс ғимараттың сыртында болғанын айтты.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жеке тұлғалары әзірге жарияланған жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler