100 доллар. Ер адам өзгені ұрғаны үшін ақша алған

98
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Қостанай қаласының №2 соты ақша үшін адамды соққыға жыққан ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот оны аса қатыгездікпен күш қолданып, жәбірленушіге тән азабын келтіргені үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Сот материалдарына сәйкес, сотталған азамат Telegram мессенджері арқылы заңсыз ақша табудың жолын іздеп, адамдарға күш қолдану жөніндегі тапсырыстарды орындауға келіскен.

2026 жылдың наурыз айының соңында оған белгісіз адам хабарласып, К. есімді азаматты тауып, оны ұрып-соғуды тапсырған. Бұл жұмысы үшін оған 100-200 доллар көлемінде сыйақы уәде етілген.

Тергеу мәліметінше, сотталған азамат бірнеше адаммен алдын ала келісіп, жәбірленушінің жүрген жерін анықтаған. Кейін олар К. есімді азаматты қолдарымен және аяқтарымен басынан және денесінен бірнеше рет ұрған. Тапсырманы орындағаннан кейін сотталған азаматқа 100 доллар берілген.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ер адам өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.

Жәбірленуші сотталушыға материалдық немесе моральдық талап-арызы жоқ екенін айтып, оған қатаң жаза қолданбауды сұраған.

Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескерді. Ал қылмыстың адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасалуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі бойынша мұндай қылмыс үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот үкімімен ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler