Геосаяси бақталастық басым түсіп, араздық өршіп барады – Президент

478
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/urhupOhoY5SvbFxG9v9sVo0ljKenIpBPGYxdmzqe.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мемлекет басшысы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына алғыс білдірді. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанның тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.

Президенттің айтуынша, ширек ғасыр ішінде ШЫҰ Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ықпалды халықаралық ұйымға айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық жағдайға да тоқталды. Оның пікірінше, әлемде ынтымақтастықтан гөрі бөліну, өзара түсіністіктен гөрі геосаяси бәсекелестік күшейіп келеді.

«Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті», – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы жағдайда ШЫҰ-ның маңызы арта түсетінін атап өтті. Оның сөзінше, ұйым әскери-саяси блок ретінде әрекет етпейді және қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған.

Президент ШЫҰ қызметінің негізінде егемендікті құрметтеу, ішкі істерге араласпау, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттары жатқанын айтты.

«Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру», – деді Мемлекет басшысы.

 

Yorumlar
Diğer Haberler