Тарихы терең Казталовта республикалық байқау өтті

97
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mjYHvNeYrGILJOoQ5zhmv4gHaog9W3C8AdhGWdqs.jpg

Топырағын түртсе, тарихы сөйлейтін, әр белесі өткеннің өнегесін өн бойына сіңірген қасиетті Казталов жерінде кітапсүйер ұрпақтың басын қосқан «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауы өтті 

Кітап пен білімді, ізденіс пен зердені, оқырмандық мәдениет пен ой тереңдігін тоғыстырған рухани доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, байқаудың әділ қазылар алқасының төрайымы, ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ыбырай Алтынсарин медальдарының, «Парасат» орденінің иегері, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» Дариға Мұштанова, журналист, ұлттық тәрбие мен шешендік өнерді насихаттаушы, «Электронды қазақ үй» жобасының авторы, «Ділмар» шешендік өнер мектебінің жетекшісі Жарқын Сәленұлы, тілші, диктор, аудиокітап жасаушы Қуат Ахметжанов және меценаттар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұловтың бастамасымен 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан тағылымды жоба биыл алғаш рет республикалық деңгейге көтерілді.

Бастапқыда аудан көлемінде қолға алынған бастама бүгінде ел өңірлерін жалғаған ауқымды рухани алаңға айналып отыр. Байқауға Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 18 жас оқырман қатысып, өзара бақ сынады. 

Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жас оқырмандарды айтулы доданың басталуымен құттықтап, білім бәйгесінде сәттілік тіледі.

— Біз бұл жобаны баланы кітап оқуға міндеттейтін байқау ретінде емес, кітапты өмірлік серік етуге, оқығанын түсінуге, талдауға, ой түюге және оны өз өмірімен байланыстыра білуге баулитын рухани алаң ретінде қалыптастыруды көздедік. Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге», — деген. Бұл сөздің мәні бүгін де өзекті. Қазіргі таңда баланың назарын телефон мен әлеуметтік желі бөліп әкеткен заманда кітапқа деген қызығушылықты қалыптастыру оңай емес. Сондықтан жас ұрпақты кітапқа жақындататын әрбір игі бастаманың қоғамдық маңызы зор. Бүгінгі байқаудың республикалық деңгейге көтерілуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Кеше ғана Казталовта басталған жоба бүгінде еліміздің әр өңірінен келген жас оқырмандардың басын қосып отыр. Бұл – ортақ рухани құндылықтың, ортақ мақсаттың жеңісі, — деді жоба авторы.

Байқауға қатысушылар тестілеу кезеңінен өтіп, өздерінің білімі мен біліктілігін, оқығанын саралап, зердесіне тоқып, түйгенін таразылай білу қабілетін сынады. 

Кітаптан басталған бұл рухани сапардың әр жас оқырманның жүрегіне сәуле түсіріп, ойына өріс, сөзіне салмақ, болашағына бағыт берері анық.

Рухани додаға қатысқан әрбір жас – өз алдына бір әлем. Бірі классикалық шығармалардың тереңіне бойласа, бірі заманауи әдебиеттің тынысын таныды. Бірі кейіпкер мінезін саралап, бірі шығарма идеясын өмірлік ұстанымымен сабақтастырды. Сөйтіп, отыз кітаптың әр парағы жас оқырманның дүниетанымына өзіндік із қалдырды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлделі І орынға Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Хайрулла Жансая Байболатқызы лайық деп танылды. Жеңімпаз І миллион теңге сертификатқа ие болды. ІІ орынды және 700 мың теңге сертификатты Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, О.Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Бержанова Айкөркем Сырымбетқызы иеленді. Ал ІІІ орын және 500 мың теңгелік сертификат Казталов ауданының қос бірдей өкілі – Қараөзен мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Тлемисова Рамина Арманқызы мен Казталов мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Тыныбекова Нұрила Бекболатқызына бұйырды.

Бұдан бөлек, байқауда кітапқа құштарлығын, ізденісін және дара қабілетін танытқан оқушыларға арнайы номинациялар мен сыйлықтар табысталды. Қадыр Мырза Әли атындағы сыйлыққа Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Лауадин Диана Исламқызы, Жұбан Молдағалиев атындағы сыйлыққа Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ұзынкөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жунусова Аяжан Жасұланқызы, ал Хамза Есенжанов атындағы сыйлыққа Казталов ауданы, А.Хұсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Амангелді Сезім Салауатқызы ие болды. Арнайы жүлде иегерлеріне жеке кәсіпкерлер Нұргүл Ашықова, Абзал Сралиев, Дархан Аябалиев қолдау көрсетті.

Сондай-ақ 100 мың теңгелік сыйлыққа ие болған оқушылар қатарында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан Бердібек Ақылбек Әділбекұлы, Ақтау қаласынан Болат Айару Қанатқызы, Қарағанды облысы Шет ауданынан Мейіржан Кәусар Бахытжанқызы, Алматы облысы Қарасай ауданынан Лашынбай Алияна Дінмұхамедқызы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданынан Орынбек Еркеназ Нұрдосқызы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Бәкіржан Ақселеу Қалдыбайқызы, Ақтөбе қаласынан Аймұрат Ақнұр Еркебұланқызы, Атырау облысы Индер ауданынан Дюсембай Інжу Бейбітқызы, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан Батрғали Айару Нұрболқызы, Казталов ауданынан Рахимова Айша Медетқызы және Шыңғырлау ауданынан Жаумбай Айзере Саламатқызы марапатталды. Оларға «Ізденімпаз оқырман», «Зерек оқырман», «Зейінді оқырман», «Парасатты оқырман», «Ынталы оқырман», «Зерделі оқырман», «Талапты оқырман», «Зияткер оқырман», «Білімпаз оқырман», «Талғампаз оқырман», «Өрелі оқырман» сынды атаулардың берілуі де байқаудың мән-мағынасын айшықтай түсті.

Оқушылармен қатар олардың жетекшілері мен ата-аналары да аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 

«Мен оқыған 30 кітап» – белгілі бір мерзімде өтетін байқаудан гөрі, жас ұрпақтың кітаппен тұрақты байланысын қалыптастыруға бағытталған тағылымды бастама. Казталов төрінде өткен байқау осындай рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Елдің әр қиырынан келген жас оқырмандар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, кітаптың адам өміріндегі орнын тағы бір мәрте сезінді.

Жеңіс – бүгінгі марапат. Ал кітаптан алған білім мен тағылым – өмір бойғы енші.

Жарқын Сәленұлы, «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының жетекшісі, байқаудың әділ қазы алқасының мүшесі:

— Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында тағылымы терең маңызды іс-шара өтті. «Кітап ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына»,- дейді. Осы асыл қазынаны алтын кеудесіне сыйғызған талантты жас ұрпақты көрдік. Оларды кітапты қалай оқығанын, не түсінгенін, қандай әсер алғанын, ой түйгенін және кітаптың оқушының өмірін, оның ұстанымын ғылымға, білімге, өмірге деген сенімін қалай шыңдағандығын көрдік. Және бұл байқау оқушыларды рухани тұрғыдан байытуға, сөздік қорын дамытуға оның жүрегіндегі ізгілік, мейірімділік, адамгершілік, ар сияқты ең бағалы құндылықтарын дамытуға ықпал еткенін көзімізбен көрдік. Бұл байқау тек бір облыстың, бір ауданның, бір өңірдің ғана емес бүкіл республиканың көлемінде өтуі арқылы жалпы 30 кітап оқып, отанға қызмет ететін үлкен тұлғаның жаңа бір шоғырын қалыптастырғанына көзіміз жетті. Сондықтан да пайдасы мол, тағылымы терең және жас ұрпақтың білімі мен танымына, тәрбиесіне қосқан үлесі зор байқауды ұйымдастырған ауданның әкімі Асланбек Ахметоллаұлымен осыны ұйымдастырған барша ұйымдастырушыларға, демеуші болған азаматтарға, әсіресе, қатысқан оқушылармен оларды баптаған ұстаздарына, жетекшілеріне алғыс айтамын. Бұл бір күннің шаруасы емес. Күндердің емес, айлардың, күні-түні көз ілмей кітап оқыған, білім жинаған зейіні мен зерек зердесін дамытқан оқушылардың ащы еңбегінің тәтті жемісі. Бұл ақшалай жүлделер тек бір реттік көзге көрінетін жетістік, бірақ, балалардың алған білімі миллардтаған ақшаға сатып ала алмайтын пайдаға қол жеткізді деп ойлаймын.

Еркеназ ОРЫНБЕК, Жамбыл облысы: 

— «Кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы» дегендей туған жерімнің топырағын тұмар етіп, әр кітаптың бетін, сөзін жүрегіме түйіп Батыс Қазақстан облысына «Мен оқыған 30 кітап» республикалық байқауына келдім. Осындай жастарды бағалап, керемет жарысты ұйымдастырып отырған Казталов ауданы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Өзімнің жетекшім Гулмайра Бейнеханқызына алғысымды білдіремін. Байқаудың жас ұрпақ үшін маңызы зор деп ойлаймын. 

Ақылбек БЕРДІБЕК, Маңғыстау облысы: 

— Осындай республикалық деңгейдегі шараны ұйымдастырып отырған Казталов ауданы әкімдігіне алғысымды айтқым келеді. Кітап - қайнардың көзі, рухани байлық демекші барлық жастарды кітап оқуға шақырамын. Және мені осында арнайы дайындап әкелген жетекшім Байғабылова Айдана апайға да алғысымды айтқым келеді. Алға білімді жас, алға Қазақстан!

Бөбек ЛАУАДИНҚЫЗЫ, Атырау облысы, Жылыой аудандық балалар кітапханасының әдіскері: 

Уа, Казталов!

Алғаш табан тіредім топырағыңа,

Толқымай жүрек  қалай отырамын ә?

Бірлігің бекем болсын, бар тілегім,

Жырым төгіп кетейін  жапырағыңа.

 

Уа, Казталов!

Артқа тастап мыңдаған шақырымды,

Жеттім - ау жолым түсіп ақырындап.

Аманатын Жылыойдың арқаладым,

Қобалжып қысудамын тақымымды.

 

Уа, Казталов!

Көретін көзім тоймай жерлеріңді,

Бөкені бүлкіл қаққан белдеріңді.

Қарсы алған әсем әуен әуелетіп,

Ескермей қалай кетем Ерлеріңді.

 

Уа, Казталов!

Кітапқа тапқандаймын жанашырды,

Көргенде Әкімдерден тамаша үлгі.

Жүрегім жарылардай қуантшы бір,

Әйтпесе жазылмастай жара сынды.

 

Уа, Казталов!

Оқитын ұлт ұрпағын ұрандайын,

Төгейін тілек жырым тұмардайын.

Білімді ұрпақ көгертсін ел  көсегесін,

Сейілер сонда ғана біраз қайғым.

 

Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ 

«Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы 

 

Yorumlar
Diğer Haberler