Қазақстан Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады

86
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/My4CfGKt0C5TBjT23ilYUiYNKvVo99uwArfV6Lxu.webp
Фото
: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан 2026 жылғы Жапонияда өткен Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен XX жазғы Азия ойындарында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпы командалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Қазақстан алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда нәтижесін жақсартты. 2022 жылы Ханчжоуда өткен додада қазақстандық спортшылар 80 медальмен 11-орын алған еді. Оның ішінде 10 алтын жүлде болды.

Жапонияда Қазақстан құрамасы бірден үш сатыға көтеріліп, медальдар санын 84-ке жеткізді. Ел спортшылары дәл осындай мөлшердегі жүлдені 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да жеңіп алған. Ал ең көп медаль 2006 жылғы Дохадағы Азия ойындарында еншіленіп, қазақстандық спортшылар 85 жүлде алған болатын.

Медаль саны бойынша Қазақстан үшін ең нәтижелі спорт түрлері дзюдо мен күрес болды. Бұл спорт түрлерінің әрқайсысында 7 медальдан жеңіп алынды. Байдарка мен каноэде есу спортшылары 6 медаль еншіледі. Ал семсерлесу, бокс және джиу-джитсудан Қазақстан қоржынына 5 медальдан түсті.

Жалпы командалық есепте Қытай құрамасы бірінші орын алды. Қытай спортшылары 169 алтын, 89 күміс және 83 қола медаль жеңіп алды.

Екінші орын Жапонияға бұйырды. Қабылдаушы елдің спортшылары 83 алтын, 95 күміс және 91 қола медаль иеленді.

Үшінші орында Оңтүстік Корея орналасты. Оның қоржынында 39 алтын, 43 күміс және 68 қола жүлде бар.

Yorumlar
Diğer Haberler