Автожол саласын түбегейлі реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды

230
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cWAJE2kD5MlK3erTz3wND7aOQLuGlD0LIJhEFylk.jpg

Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Ол жол құрылысының сапасын арттыру, қолданыстағы стандарттарды жаңарту және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырады. Бұл туралы бүгін, 14 қазанда Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен құрылған жұмыс тобы Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған.

«Жұмыс тобы жол құрылысының қазіргі жүйесін және оның сапасын бағалау тәсілдерін қайта қарастырады. Сонымен қатар құрылыс нормалары мен стандарттарын жаңарту, саланы басқарудың жаңа тетіктерін енгізу, цифрлық шешімдер арқылы жол инфрақұрылымын жақсарту мәселелері пысықталады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға басымдық беріледі»,–делінген хабарламада.

Жұмыс тобына Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына бірқатар министрліктердің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, ұлттық компаниялар мен салалық ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен Құрылтай депутаттары енді.

Премьер-министр жұмыс тобына 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ұсыныстарға заңнамалық өзгерістер де енгізілуі тиіс.

Yorumlar
Diğer Haberler