Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа теміржол желісі ашылды

238
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/h3OcXvAs1arFxwd56gdNvKltcOZhlqURQDJzSRRj.jpg

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа теміржол желісі ашылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әңгіме Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі туралы болып отыр. Оның бойымен пойыз қозғалысының басталғаны 4 қарашада премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысында жарияланды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа теміржол желісі қордың қатысуымен жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі ретінде аталды. Магистральдің іске қосылуы теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және қазақстандық өнімдердің Орталық Азия елдеріне экспорттық бағыттарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы 2023 жылдың қараша айының соңында басталған. Негізгі жолдардың ұзындығы – 127,6 шақырым, ал теміржол төсемінің жалпы ұзындығы шамамен 152 шақырымды құрайды. Жобаның құны 286 млрд теңгеге (шамамен 545,7 млн доллар) бағаланған.

Жоба аясында Өзбекстанмен шекарада «Сырдария» теміржол станциясына шығатын жаңа өткізу пунктін ашу да қарастырылған.

Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Ол Өзбекстанмен арадағы қосымша халықаралық теміржол бағытын қалыптастырып, жүктемесі жоғары Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Болжам бойынша, жаңа теміржол учаскесі жылына 20 млн тоннаға дейін жүк тасымалдай алады.

Бұған дейін Көлік министрлігі желі бойынша жұмыс қозғалысын биылғы жылдың соңына дейін ашу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Қазақстан басшылығы елдің транзиттік әлеуетін арттыру ниетін бірнеше рет мәлімдеген еді. Атап айтқанда, 2025 жылдың желтоқсанында Алматыны айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек теміржол желісі бойынша қозғалыс ашылды. Ұзындығы 75 шақырымды құрайтын магистраль Алматы теміржол торабына түсетін жүктемені азайтып, Қытайдан Еуропа мен Орталық Азия елдеріне жүк жеткізу уақытын қысқартуға бағытталған.

Yorumlar
Diğer Haberler