«Таза Қазақстан»: Күршім тұрғындары экологиялық жауапкершілікті талқылады

243
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OKNC8kbtnitgRF3D3195uT98upVRkjBPQPSOdFKK.jpg

Шығыс Қазақстан облысында  Күршім ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан – экологиялық мәдениет және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті насихаттау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселелерін талқылау, табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық жауапкершілікті арттыру және ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу.

Кездесу барысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы мен негізгі бағыттары таныстырылып, туған жердің табиғатын қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, қоршаған ортаны ластау фактілерінің алдын алу және экологиялық құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері қозғалды.

Іс-шара аясында Күршім ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Тілеужан Советқанова, сондай-ақ ауданның сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Толқын Искакова баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді атап өтті. Ал қоғамдық кеңес мүшесі Ульмесеков Бакытхан Фазылович жастардың экологиялық акцияларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ аудан тұрғындарына қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді. 

Сонымен қатар қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, аудан аумағындағы экологиялық мәселелер, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының алдын алу, тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыру, жастар мен еріктілерді экологиялық іс-шараларға тарту және «Таза Күршім» бастамасын жүйелі түрде жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін жинақтау мақсатында арнайы QR-код арқылы экологиялық сауалнама ұсынылды. Бұл бастама ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға қатысты қоғамдық пікірді зерделеуге және тұрғындардың ұсыныстарын алдағы жұмыстарда ескеруге мүмкіндік береді.

Іс-шараның практикалық бөлімінде «Мен таза Қазақстан үшін...» атты интерактивті экологиялық бастама өткізілді. Қатысушылар түрлі түсті жапсырмаларға табиғатты қорғау мен тазалықты сақтауға қатысты жеке міндеттемелерін жазып, арнайы тақтаға орналастырды. Атап айтқанда, қоқысты белгіленген орындарға тастау, ағаш отырғызу, табиғатты ластамау, тазалық акцияларына қатысу және жастар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау бағытындағы ұсыныстар айтылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстарын назарға алу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, қоғамдық бақылауды күшейту және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау шараларына белсенді тарту қажеттігі атап өтілді.

Yorumlar
Diğer Haberler