Трамп UFC басшысы Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін ұсынды

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HdKa7Vj6owER1HJbxqEdAxpyEPGEc1YtJBkcKUJA.webp

Фото: Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп UFC ұйымының президенті Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін ұсынды. Бұл туралы ол сенбі күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Трамп өз жазбасында Дана Уайтты «ұлы жауынгер әрі қайсар күрескер» деп атап, оның Ақ үйдің баспасөз хатшысы болғанын қалайтынын жеткізген. Сондай-ақ UFC-дің бірнеше танымал спортшысын оған көмекші ретінде ұсынған.

Атап айтқанда, Трамп Ислам Махачев, Хабиб Нурмагомедов, Джастин Гэтжи, Даниэль Кормье, Аманда Нуньес және Кайла Харристің есімдерін атаған.

«Дана бұрын-соңды болмаған баспасөз хатшысы болады. Дана, өтінемін, бұл қызметке келіс!» – деп жазды АҚШ президенті.

Алайда CNN телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап, Дана Уайттың бұл ұсыныстан бас тартқанын хабарлады. Телеарна сұхбаттастарының бірі Трамптың мұндай ұсынысты әзіл ретінде жасаған болуы мүмкін екенін де айтқан.

Соған қарамастан, Уайт Трамппен кездесетінін растады. Ол Лондонда журналистерге дүйсенбі күні АҚШ астанасы Вашингтонға барып, президентпен жүздесетінін мәлімдеді.

«Дүйсенбі күні Трамппен кездесуім бар. Одан не шығатынын көре жатармыз», – деді UFC басшысы.

Сонымен қатар Дана Уайт қазіргі уақытта жұмысының онсыз да көп екенін атап өтті.

«Қазірдің өзінде атқаратын жұмысым жеткілікті», – деді ол.

Бұған дейін Уайт Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасын өз парақшасында бөлісіп, Ақ үйдің баспасөз брифингтері өтетін залдағы мінбердің артында тұрған суретін жариялаған. Фотосуретке «Келесі тарауға қадам басамыз» деген жазба қалдырғанымен, оның нақты нені меңзегенін түсіндірмеді.

Айта кетейік, Дана Уайт Республикалық партияны ашық қолдайды. Ол партияның 2016, 2020 және 2024 жылдардағы съездерінде сөз сөйлеген.

Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметі бірнеше айдан бері бос тұр. Тамыз айында Кэролайн Левитт отбасымен көбірек уақыт өткізу мақсатында қызметінен кеткен болатын. Кейін оның орнына Кэти Захария тағайындалғанымен, ол бұл қызметте небәрі бес күн жұмыс істеген.

Трамптың Дана Уайтқа қатысты ұсынысы АҚШ әкімшілігіндегі кадрлық өзгерістер кезеңінде жарияланды. Жұма күні президент Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллердің осы құрылымның басшысы қызметіне тағайындалатынын, оның Сьюзи Уайлстың орнына келетінін мәлімдеген.

Yorumlar
Diğer Haberler