Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін. Хакерлер Тәжікстанның құпия деректеріне қол жеткізген

284
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sviVJe7heI8uOhFyQ0sB6y531nczhStOYNR1Xt4l.jpg

Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін хакерлік топ жасанды интеллектіні пайдаланып, Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты 2 мыңнан астам құжатты ұрлаған. Бұл туралы Сингапурдың киберқауіпсіздік саласындағы CloudSEK компаниясының зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Мамандар кибершабуыл жасаушылардың ізін олар өз серверлерінің бірін абайсызда интернет арқылы қолжетімді етіп қойғаннан кейін анықтаған. Зерттеушілер сервердегі материалдарды зерделеу арқылы кибершабуылдардың қалай жүзеге асқанын қалпына келтіре алған.

Хакерлер Hermes платформасын пайдаланған. Бұл — өз бетінше әрекеттерді жоспарлап, қажетті бағдарламаларды іске қосатын, ақпарат жинап, есеп дайындай алатын автономды ЖИ-агенттерін құруға арналған жүйе.

CloudSEK мәліметінше, хакерлер Hermes платформасын барлау операцияларында 2026 жылдың тамыз айының ортасынан бастап қолдана бастаған. Бірнеше аптадан кейін олар Тәжікстанның мемлекеттік электрондық құжат айналымы жүйесіне қол жеткізген. ЖИ-агент құжаттарды жүктеп алуға, жүйелеуге және оларды шағын бөліктерге бөлуге арналған арнайы бағдарлама әзірлеген. Бұл ұрланған деректерді тасымалдауды жеңілдеткен. Нәтижесіндео олар қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты құжаттарды қоса алғанда, 2 мыңнан астам материалды иемденген.

Зерттеу барысында Тәжікстан теміржолдарының компьютерлік инфрақұрылымына және Өзбекстанның орман шаруашылығында қолданылатын Smart Forestry цифрлық платформасына да заңсыз кіру белгілері анықталған.

Бұдан бөлек, серверден Түркіменстан ұйымдарына фишингтік шабуыл жасауға арналған дайын материалдар табылған. Алайда зерттеушілер бұл шабуылдардың сәтті жүзеге асқанына дәлел келтірмеген.

Мамандар бұл әрекеттерді бұған дейін посткеңестік елдердің мемлекеттік мекемелеріне қарсы кибершпиондық операциялар жүргізген Silent Lynx хакерлік тобына жатқызады. Топтың Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін деген болжам жанама белгілерге негізделген. Атап айтқанда, хакерлер орыс тілін пайдаланған, олардың белсенділігі Қазақстандағы жұмыс уақытымен сәйкес келген. Сондай-ақ серверге қосылу кезінде Қазақстанның интернет желісі де қолданылған.

Дегенмен, зерттеушілер хакерлік топты нақты кім басқаратынын анықтай алмаған. Сондай-ақ шабуылдарға Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының қатысы бар екенін растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

Reuters агенттігі Қазақстан мен Тәжікстан билігінен түсініктеме сұрағанымен, материал жарияланғанға дейін жауап алмаған. Журналистер Silent Lynx тобының өкілдерімен де байланыса алмаған.

Айта кетейік, 2026 жылдың қазан айында Cisco Talos және Recorded Future компаниялары посткеңестік елдердің мемлекеттік мекемелеріне қарсы жүргізілген кибершпиондық әрекеттер туралы зерттеу нәтижелерін жариялаған. Олардың мәліметінше, хакерлер кемінде 2025 жылдың қаңтарынан бері шабуыл жасап келген. Олар дипломатиялық хат алмасу, экономикалық саясат, энергетика, су ресурстары және ауыл шаруашылығы салаларына ерекше қызығушылық танытқан.

Зерттеушілер хакерлердің Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін екенін орташа деңгейде бағалаған. Сонымен қатар қолда бар мәліметтер олардың нақты қай елден шыққанын және ықтимал тапсырыс берушілерін анықтауға жеткіліксіз екенін атап өткен.

Yorumlar
Diğer Haberler