Жолдаудағы әлеуметтік басымдықтар ел дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады

151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Nt7jqfPGcVsRDjjjmrufreT5VXVYP6xw4Z8aqEig.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді белгіледі.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, адам капиталын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Бұл бастамалардың маңызы тек экономикалық өсіммен шектелмейді. Жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салу, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және өңірлердің инфрақұрылымын дамыту азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге және қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді.

Осы орайда әлеуметтанушы Медет Кудабеков Президент Жолдауында белгіленген әлеуметтік саясаттың басымдықтары, адам капиталын нығайтудың маңызы, шағын және орта бизнесті дамытудың мүмкіндіктері мен «Халықтық құрылыс» бастамасының қоғамға ықпалы туралы пікір білдірді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа мектептер, ауруханалар мен перинаталды орталықтар салуға ерекше басымдық берді. Мемлекет басшысының бұл бастамалары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірлердің теңгерімді дамуына қандай мүмкіндіктер ашады?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саясатты жаңғырту, адам капиталын нығайту, шағын және орта бизнесті қолдау және 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі бастамалар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзара байланысты бағыттары. Менің ойымша, бұл бастамалардың басты ерекшелігі – экономикалық өсімді халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен байланыстыруында. Өйткені мемлекеттің даму деңгейі тек макроэкономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтардың сапалы білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, лайықты жұмыс табу және қолайлы әлеуметтік ортада өмір сүру мүмкіндіктерімен өлшенеді.

Президенттің жаңа мектептер, ауруханалар, перинаталды орталықтар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға басымдық беруі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.

Әлеуметтік инфрақұрылым – қоғамның тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Оның қолжетімділігі азаматтардың әлеуметтік мүмкіндіктеріне, еңбекке араласуына және болашаққа деген сеніміне тікелей әсер етеді. Әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалаларда әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі қала мен ауыл арасындағы өмір сапасының айырмашылығын тереңдетуі мүмкін. Сондықтан жаңа әлеуметтік нысандар салу өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтып, халықтың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім мен медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді. Алайда бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тек ғимараттар салумен шектелмеуі керек. Жаңа мектептер мен ауруханалар тиісті мамандармен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде кәсіби кадрлар жұмыс істеуі қажет. Бұл мәселе менің «Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту жағдайындағы әлеуметтік жұмыс кадрларымен қамтамасыз етуді әлеуметтанулық талдау» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуіммен тікелей байланысты. Зерттеу барысында әлеуметтік саладағы кадр тапшылығы, мамандардың тұрақтамауы, еңбекақы деңгейінің төмендігі және кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктерінің шектеулілігі сияқты жүйелі мәселелер анықталды. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен оны кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету біртұтас мемлекеттік саясат ретінде қарастырылуы тиіс.

— Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың басты мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру екенін атап өтті. Президент ұсынған бұл тәсіл қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделін дамытуға қалай ықпал етеді?

— Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттың мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру болуы керек деген ұстанымын қолдаймын. Сонымен бірге әлеуметтік төлемдерді тек әлеуметтік тәуелділікті қалыптастыратын құрал ретінде қарастыру дұрыс емес. Әлеуметтік төлемдер де инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты әлеуметтік саясаттың маңызды тетіктерінің бірі.

Ең бастысы – әлеуметтік төлемдер белсенді әлеуметтік шаралармен қатар жүзеге асырылуы керек. Мысалы, жәрдемақылар азаматтарға белгілі бір уақыт аралығында қаржылық тұрақтылықты сақтауға, қайта даярлау курстарынан өтуге, жаңа мамандық игеруге және еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес кәсіби бағытын өзгертуге мүмкіндік береді. Яғни, әлеуметтік қолдау адамның еңбек нарығына қайта оралуына жағдай жасауы тиіс. Сонымен қатар әлеуметтік төлем алатын азаматтардың барлығы бірдей еңбек етуден бас тартқан адамдар емес екенін ескеру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту әлеуметтік төлемдерге деген қажеттілікті төмендетудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Егер азаматтың баласын орналастыратын балабақшасы немесе жақындарына күтім көрсететін әлеуметтік қызмет орталығы болса, ол еңбек нарығына белсенді араласып, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады. Демек, әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделінде әлеуметтік төлемдер мен белсенді әлеуметтік саясат бірін-бірі толықтыруы қажет. Мемлекеттің міндеті – азаматтарды әлеуметтік көмектен айыру емес, олардың әлеуметтік төлемдерге мұқтаждығын азайтатын жағдай қалыптастыру.

— Жолдауда адам капиталын дамыту, балалардың сапалы білім мен медициналық көмек алуына жағдай жасау мәселелеріне айрықша мән берілді. Президенттің өскелең ұрпақтың болашағына бағытталған бұл саясаты Қазақстанның әлеуметтік әлеуетін нығайтуда қандай рөл атқарады?

— Президент Жолдауында балалардың сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне және олардың жан-жақты дамуына ерекше мән берілуі өте орынды. Себебі адам капиталы – мемлекеттің ең маңызды стратегиялық ресурсы. Бүгінгі балалардың білім деңгейі, денсаулығы және әлеуметтік мүмкіндіктері ертеңгі қоғамның экономикалық және интеллектуалдық әлеуетін айқындайды. Сондықтан білім беру мен денсаулық сақтау саласына салынған инвестицияны тек әлеуметтік шығын ретінде емес, елдің болашағына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастыруымыз керек. Бұл жерде балалардың тек білім алуына немесе медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне ғана емес, олардың қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік ортада өсуіне де назар аудару қажет. Мысалы, мектептен тыс білім беру, спорт, мәдениет, шығармашылық және бос уақытты тиімді ұйымдастыру орталықтарының қолжетімділігі жас ұрпақтың әлеуметтенуіне, қабілеттерін дамытуына және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін мұндай мүмкіндіктердің маңызы зор. Өйткені әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі бастапқы мүмкіндіктердегі теңсіздікті азайтып, балалардың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Менің ойымша, адам капиталын дамыту саясаты білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жастар саясаты бағыттарын өзара байланыстыра отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықтың да берік негізін қалыптастырады.

— Президент шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек өнімділігін арттыру міндеттерін белгіледі. Бұл бастамалар халықтың экономикалық белсенділігін арттырып, азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына және қоғамдағы орта таптың қалыптасуына қалай әсер етеді?

— Президенттің шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі міндеттері де әлеуметтік саясатпен тікелей байланысты. Менің ойымша, егер экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым кешенді түрде дамитын болса, «Халықтық құрылыс» бастамасы шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін бере алады.

Біріншіден, ауқымды құрылыс жұмыстары жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырады. Құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету салаларында шағын және орта бизнес субъектілеріне сұраныс артады. Бұл жаңа кәсіпкерлік бастамалардың пайда болуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Екіншіден, тәжірибе көрсеткендей, халықтың өмір сүру сапасы артқан сайын тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс та өзгереді. Халықтың тұрмыстық жағдайы жақсарған кезде демалыс, мәдениет, спорт, сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы сұраныс көбейеді.

Мысалы, жаңа тұрғын аудандарда мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, мәдени орталықтар мен қоғамдық кеңістіктердің пайда болуы осы нысандардың айналасында жаңа кәсіпкерлік қызмет түрлерінің дамуына мүмкіндік береді.

Үшіншіден, бұл үдеріс өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, жергілікті кәсіпкерлердің қалыптасуына жағдай жасайды. Әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның дамуы кәсіпкерлік қызметті кеңейтуге, халықты жұмыспен қамтуға және жергілікті экономиканың әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы азаматтардың экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етеді. Балабақшалар мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жеткілікті болуы отбасы мүшелерінің, әсіресе күтім міндеттерін атқаратын адамдардың еңбек нарығына араласуына жағдай жасайды.

Осылайша, шағын және орта бизнестің дамуы тек кәсіпкерлер санының артуын ғана емес, азаматтардың тұрақты табыс табуын, экономикалық дербестігін және қоғамдағы орта таптың қалыптасуын білдіреді.

Меніңше, орта таптың қалыптасуы үшін адамдарға жұмыс орындарын ұсынумен қатар, өз кәсібін ашуға, қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге және экономикалық бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыру қажет.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтерді. Бұл шешімнің қоғам үшін әлеуметтік маңызы қандай? Ауқымды құрылыс жұмыстары халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірлердің дамуына және азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайтуға қалай ықпал етеді?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысы мен «Халықтық құрылыс» бастамасын қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды қадам ретінде бағалаймын. Бұл бастаманың мәні тек жаңа ғимараттар мен инфрақұрылымдық нысандар салумен шектелмейді. Оның негізгі нәтижесі халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірлердің даму мүмкіндіктерін кеңейту және азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайту болуы тиіс. Менің диссертациялық зерттеуімнің нәтижелері осы мәселемен тікелей байланысты. Зерттеу барысында әлеуметтік инфрақұрылымның тиімділігі тек материалдық-техникалық жағдайға емес, сонымен қатар кәсіби кадрлардың әлеуетіне, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне және еңбек жағдайларына тәуелді екені анықталды.

Атап айтқанда, сарапшылармен жүргізілген сұхбаттарда әлеуметтік саладағы кадр тапшылығы, мамандардың тұрақтамауы, кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктерінің шектеулілігі және өңірлердегі көлік қатынасының қолайсыздығы сияқты мәселелер көтерілді. Бұл әлеуметтік нысандардың болуы ғана жеткіліксіз екенін, олардың тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуі үшін тиісті жағдай қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыруда үш бағытқа ерекше назар аудару қажет.

Бірінші – әлеуметтік инфрақұрылым мен кадрлық қамтамасыз етуді қатар дамыту. Жаңа мектептер, медициналық және әлеуметтік мекемелер салынғанда, оларды білікті педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, әлеуметтік қызметкерлермен және басқа да мамандармен қамтамасыз ету алдын ала жоспарлануы тиіс.

Екінші – өңірлердегі әлеуметтік теңсіздікті төмендету. Әлеуметтік инфрақұрылымның аумақтық тұрғыдан теңгерімді дамуы қала мен ауыл арасындағы білім беру, медициналық көмек және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік айырмашылығын азайтады. Бұл әсіресе қарт адамдар, мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған отбасылар және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін маңызды.

Үшінші – адам капиталын дамыту және кәсіби кадрларды тұрақтандыру. Құрылыс саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, әлеуметтік салада да кәсіби мамандарға сұраныс артады. Сондықтан мамандарды даярлау, қайта даярлау, олардың еңбек жағдайын жақсарту және кәсіби мәртебесін көтеру мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болуы керек.

Осы үш бағыттың өзара байланысы «Халықтық құрылыс» бастамасының ұзақ мерзімді әлеуметтік нәтижелерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Yorumlar
Diğer Haberler