FlyArystan сотта жеңілді. Министрлік нұсқамасы заңды деп танылды

479
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WmhoLWHqaWSRf6Sy7xSdDOKCJVlS4Ja1RMYPr3RI.jpg

Фото: FlyArystan

Алматы қаласының соты FlyArystan әуекомпаниясына Сауда және интеграция министрлігі тарапынан берілген нұсқаманы заңды деп таныды. Бұған компанияның ішкі ережелерінен жолаушылардың заңды құқықтарын шектейтін бірқатар талаптардың анықталуы себеп болған. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты жариялады,  деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға жолаушылардың бірінен түскен шағымнан кейін басталған. Осыған байланысты Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен және оның Астанадағы аумақтық департаментімен бірлесіп, әуекомпанияға жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижесінде FlyArystan компаниясының ішкі құжаттарында Қазақстан заңнамасында көзделген жолаушылар құқықтарын шектейтін бірнеше ереже бары белгілі болды.

Атап айтқанда, заңбұзушылықтар мынадай мәселелерді қамтыған:

  • тасымалдау шарттарын әуекомпанияның біржақты тәртіппен өзгертуі;
  • компанияның жолаушылар алдындағы жауапкершілігін шектеуі;
  • заңнама талаптарына сәйкес келмейтін қосымша төлемдерді алу;
  • билеттің ақшасын қайтару құқығына шектеу қою;
  • жолаушыларға қажетті ақпаратты толық ұсынбау және жазбаша шағым беру мүмкіндігін шектеу.

Тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті орган әуекомпанияға анықталған кемшіліктерді жоюды және жолаушыларды тасымалдау ережелерін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруді міндеттеді.

Алайда FlyArystan тексеру нәтижелерімен келіспей, министрлік берген нұсқаманың күшін жоюды талап етіп, сотқа шағымданған.

2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуекомпанияның талабын қанағаттандырудан бас тартты. Компания бұл шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, жоғары сатыдағы сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының тексеру жүргізуі мен анықталған заңбұзушылықтарды жою жөніндегі талаптарының заңдылығын растады.

Сауда және интеграция министрлігі әуекомпаниялардың ішкі ережелері заң талаптарына қайшы келмеуі керектігін еске салды. Атап айтқанда, тасымалдау шарттары, билет құнын қайтару, қосымша төлемдер және тұтынушылардың шағымдарын қарау тәртібі жолаушылардың заңмен бекітілген құқықтарын шектемеуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылы Азаматтық авиация комитеті жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін Қазақстанның төрт әуекомпаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler