Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The Hill саяси басылымына арнайы мақала жариялап, Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) жаңғырту және көпжақты ынтымақтастықты күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің пікірінше, биыл 80 жылдығын атап өтіп жатқан БҰҰ адамзат тарихындағы ең ықпалды халықаралық ұйым ретінде маңызды рөл атқарып келеді. Алайда қазіргі күрделі геосаяси жағдайда оның жұмысы жиі сынға ұшырауда.
«БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето құқығы ұйым жұмысын жиі тұйыққа тірейді. Сонымен қатар, Африка, Азия және Латын Америкасы секілді өңірлердің дамушы және орташа державалары жаһандық шешім қабылдау үдерісіне жеткілікті түрде тартылмаған», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, БҰҰ-ны айналып өту емес, оны заманауи әлемге бейімдеп жаңғырту керек. Бұл үшін БҰҰ-ның құрылымдарын аймақтық басымдықтарға көбірек ашық ету, орташа державалар мен дамушы елдердің рөлін арттыру қажет.
Президент нақты мысал ретінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуын атады. Бұл орталық – 2024 жылдың 4 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған резолюция негізінде ашылып отыр.
«Бұл бастама өңір елдеріне климаттың өзгеруі, экономикалық ықпалдастық және су қауіпсіздігі секілді ортақ сын-қатерлерді біріге шешуге мүмкіндік береді. Тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде жүзеге асыруға жол ашады», – деді Президент.
Тоқаев өз мақаласында Қазақстанның Ауғанстанмен әріптестік, гуманитарлық көмек, жастарды оқыту және сауда-энергетикалық ықпалдастық арқылы өңірлік тұрақтылыққа қосқан үлесін де атап өтті. Оның пікірінше, аймақтың болашағын сол өңірдің тұрғындары қалыптастыруы керек.
«Қазақстан Сирия бойынша Астана процесінің модераторы болды, Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздерге ықпал етті, сондай-ақ Украинадағы соғысқа қатысты дипломатиялық шешімдерді қолдайды», – деді ол.
Президент БҰҰ-ны реформалау бойынша Бас хатшы Антониу Гутерреш ұсынған UN80 бастамасын да қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бастама ұйымның тиімділігін арттыру мен оның миссиясын жаңғыртуға бағытталған.
Мақала соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның болашағы тек оны жаңғырту арқылы жарқын болатынын айта келе, Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қалыптастыру жолында белсенді бола беретінін жеткізді.
«Халықаралық қауымдастық БҰҰ-дан бас тартпауы тиіс. Керісінше, оны реформалап, күшейтуі керек. БҰҰ – адамзатқа қажет жалғыз әмбебап ұйым. Оған балама жоқ», – деді Президент.