502-«палата»
Жанарына сыр тұнған, Жүрегіне жыр тұнған. Ақ халатты киіп ап, Ақ параққа ұмтылған. (Журналистік фольклордан)
Сонау сексен бірінші жылы КазГУ-дің журфагына түскен бізге әйгілі бесінші жатақхананың 502-ші бөлмесі бұйырды. Бұл – бесінші қабаттағы ең шеткі бөлме. Тарих факультетіне тиесілі алтыншы жатақханамен иық тіресіп тұрамыз. Шағын екі бөлмелі бес адамдық секция. Тұрғындарының төртеуі – біздің курстың жігіттері. Ал бесінші орынға сол кездегі үшінші курстың студенті, бүгінгі қазақ журналистикасының майталманы Нұртөре Жүсіп жайғасты. Ақын Ертай Ашықбаевтың дәл осы жатақханада бір секцияда тұрған өзінің бес курстасы туралы «Біз дегенің – бұлттан асар бес қыран, Көк аспанға мың сәлем! Уа, жойылсын көне дүрмек, ескі ұран, Ояна бер, тың тіршілік, тұмса әлем», – деген өлең жолдары бар-ды. Сол Ерекең айтқандай, біздің бөлмедегі осы қалам ұстаған қырандардың қанаты болмаса да, халаты болуы әбден мүмкін еді. Олай дейтінім, өз басым әкейдің айтуымен медицина институтына барып, бақ сынап, оқуға түсе алмай, екі жылдан соң журфакқа әзер табан іліктірген бетім. Әңгімелесе келсек, бұл бөлмеде менен де басқа біраз «дәрігерлер» бар сияқты. Мәселен, Нұртөре Жүсіп бала күнінен хирург болуды армандапты. Мектепте оқып жүргенде отаққа барып, буынына салқын тигізіп алып, ауруханада біраз уақыт сарылып жатқан. Сол кезде ол ақ халаттылардың ерен еңбегіне ерекше тәнті болған. Ереван медицина институтының түлегі, хирург ағасы Жәкенге еліктеп, дәрігерлік оқуға түсуге ниеттенген. Сегізінші кластан соң Қызылорда медицина училищесіне тартып кеткелі тұрғанда көкесі жібермей қойған. Қызық, біреумізді әкеміз дәрігердің оқуына зорлап жібереді, енді біреумізге тыйым салады... Өстіп отырғанымызда бөлмемізден тағы бір «дәрігердің» төбесі қылтиды. Ол – тілі мен жағына сүйенген талдықорғандық өрен Талғат Батырхан. Бұның есіл-дерті педиатр болу екен. Сол мамандыққа ұмтылуының өзі қызық. Алдымен оған осы «педиатр» деген сөз қатты ұнаған. Бүкіл энциклопедияны қарап, педиатрдың балалар дәрігері екенін білген соң одан әрі құмартқан. Тіпті оны ата-анасы Ақтөбенің медицина институтына оқуға апаратын болыпты. Шамасы, сол жақта бір жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстары болған да... Әйтпесе, іргесінде әйгілі дәрігерлік институт тұрғанда жер жәннаты Жетісудың ұланы жер түбіндегі Ақтөбеде не жоғалтыпты? Тек мектеп бітірген соң ғана бұл ойынан айнып, журфакқа келіпті. Бір күні ол «Мен жалпы мынадай болғам», – деп төлқұжатындағы суретін көрсетті. Суретте бір көзі айға, бір көзі сайға қараған қитар бала томсырайып тұр. Әйтеуір, дер кезінде ота жасатып, көзін қалпына келтіріпті. Содан соң дәрігерлікке ұмтылмай қайтеді?!Осымен 502-нің дәрігерлік корпусы жасақталып біткен шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, «дәрігердің» көкесі арамызда жүр екен. Отыз бес жасқа таяғанда КазГУ-ге енді түсіп жатқан Аманғали Дайрабаев жастау кезінде Целиноград мемлекеттік медицина институтында оқыпты. Бірақ дәрігер болуды оның да маңдайына жазбапты. Түрлі себептермен оқуын аяқтай алмаған көрінеді. Жатақханаға оны дәрігер курстастары талай рет іздеп келгеніне куә болғанбыз.Сонымен, ақ халат бұйырмаған төрт «дәрігер» 502-бөлменің тұрғынымыз. Бесіншіміз Құтмағамбет Қонысбай – дәрігерлікке аса талпынбағанымен, соларға пациент болуға таптырмайтын жанкешті жігіт. Әскерде жүргенде өрт сөндірушілер жасағында қызмет еткен. Содан ба екен, сәл биікке көтерілсе, секіріп кеткенді жаны қалайды да тұрады. Оның алдында біраз уақыт бізбен бөлмелес болған Мейрамбек Шілдебаев та солардың сойынан. Менің бұл жүректі де білекті, қайтпас та қайсар, жаны сірі, еті тірі курстас ағаларым басынан сөз асырмайды. Қанды қырғынға ойланбай кіріп кете береді. Содан соң дәрігерге пациент болмаған несі қалады? Осы бөлмеге кіріп-шыққандар шетімізден дәрігер болуға ниеттенген бізді көріп, «Бұл өзі 502-бөлме де, әлде 502-палата ма?», – деп күбірлеп-күңкілдеп кететін. Оның үстіне ептеген емшілігі бар Миуа Байназар апам анда-санда қатарымызға қосылғанда нағыз сәнімізге енді келетінбіз.

Менің бұйырмаған «курстастарым»
Қаныңды да өңдейді. Қарныңды да жөндейді. Қандауырмен тілгілеп, Қара сөзбен емдейді! (Журналистік фольклордан)
Біз мектеп бітірген жылы Қызылордаға Алматы медицина институтының көшпелі қабылдау комиссиясы келді. Өңкей бозбала мен бойжеткен жаппай құжат тапсырдық. Күн ыстық. Ақмешіттің асфальті балауыздай былқылдап тұр. Медучилищенің айнадай жарқыраған ғимаратында ептеп-септеп емтихан тапсырып жатырмын. Химиядан ілекерлеп өткеніммен физика алдырмай қойды. Омақаса құладық. Алғашқы абитуриенттік науқаным болған соң, бірге құжат тапсырғандардың бірқатары кәдімгідей есімде қалды. Болатбек Баймаханов, Гүлсім Жәкебаева, Айдар Қарғабаев, Смағұл Зекеев деген талапкерлермен бірге емтихан тапсырдым. Бұлардың біразының кейінгі тағдырларынан да аздап хабардармын.
Болатбек Баймаханов сол жылы оқуға түсті. Кейін ол елімізге белгілі білікті дәрігер атанды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі болды. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармаларын басқарды, Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері болып қызмет істеді. Қазір А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық ғылыми орталықтың басқарма төрағасы. Екеуміз екі қаланы мекендегендіктен, қоян-қолтық араласпасақ та, Болатбек Бимендіұлымен ара-тұра телефонмен тілдесіп, аман-саулық сұрасып тұрамыз. Айдар Қарғабаевты абитуриенттік кезеңнен үш жыл өткен соң Алматыда көрдім. КазГУ-ге жаңа түскен бетім еді. Ал ол болса, әбден ысылған, сақа студент. Оқу бітірген соң өзі туып-өскен Шиелі ауданының Бәйгеқұм станциясына қайтып оралып, белгілі тіс дәрігері болды. Кейінірек жаңа заманға бейімделіп, жеке клиникасын ашты. Бір кездері негізгі кәсібінен аулақтап, ауыл әкімі де болып көрді. Ана бір жылдары Қызылордада қызмет істеген тұста жолымыз түйісті. Ал қаланың іргесіндегі Амангелді ауылының қызы Гүлсім Жәкебаева бірер жыл кейін болса да мединститутқа табан іліктірген сияқты. Баспасөз материалдарынан байқауымша, ол облыстық наркологиялық диспансерде қызмет істейді-ау деймін. Ал Смағұл Зекеевтен ешқандай дерек жоқ. Сөйтіп, менің бірге оқу бұйырмаған «курстастарымның» дені осылай ел игілігіне қызмет етіп жүр.Сол жылдарда жұртты жаппай дәрігерлікке ұмтылдыратын себеп көп еді. Бұл қолы жеткеннің ғана игеретін аса мәртебелі мамандығы болды. Қазақ зиялылары балаларының медицина институтында оқығанын құп көретін. Дәрігердің мәртебесі қашан да биік тұратын. Ол кезде «ақ халатты абзал жан» деген жаттанды тіркес қанша айтсаң да жауыр болмайтын. Шынында да, нағыз абзал адамдар солар еді. Әсіресе, әмбебап ауыл дәрігерінің беделі үстем-ді. Ол баланы да сүндеттейді, сынықты да салады, әйелді де босандырады. Аспандап кеткен қан қысымыңды да әп-сәтте түсіріп береді. Терапевт те, хирург те, окулист те, лор да, психолог та, нарколог та, гинеколог та бір өзі. Қысқасы, бір өзі – бір аурухана. Тіпті кішігірім операцияны қиналмай жасай береді. Сөйте тұра, осы уақытқа дейін ауыл дәрігерінің кесірінен бір адам зардап шегіпті дегенді естімеппіз. Соның бәрін көзбен көріп отырған соң дәрігер болуға ұмтылмағанда қайтеміз?!
Бұл мамандыққа қызығуымыздың тағы бір себебі бар-ды. Атақты режиссер Шәкен Аймановтың жұрт жаппай көретін «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі доктор Лавровтың бейнесі де еліктеуге тұрарлық еді. Себебі, оны танымал адамдардың бәрі жаппай құрметтейді. Оның туған күніне ойдан-қырдан жұрт өздері-ақ ағылып келеді. Сол кісі секілді біз де мықты дәрігер болсақ, туған күнімізге әйгілі әртістер Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Роза Рымбаева, Құдайберген Сұлтанбаев бәрі бірі қалмай келетін секілді көрінетін. Әрине, фильмде Лавров ешкімді емдеп қарық қылмайды. Оның үстіне ол – науқас біткен сарыжамбас болып жататын аурухананың емес, сәулетті санаторийдің бас дәрігері. Бұл жерде көрікті курорттың бас емшісінің биік беделі, жайлы мінезі дәріптеледі. Ең бастысы, осы киноны көрген соң «дәрігер шынында да қадірлеуге лайық мамандық екен ғой» деген ой келген-ді.Сөйтіп, дәрігер бола алмадық. Үйдегі үлкендер армандағандай, мединститутты бітіріп, елге оралып, Қаратерең учаскелік ауруханасының бас дәрігері атанып, ауыл басшыларымен (ауылнай, шаруашылық жетекшісі, бас инженер, бас есепші, мектеп директоры, кооперация басшысы, т.б.) бірге қонаққа барып, үнемі «контор-составтың» қатарында жүрудің реті келмеді. Аурухананың иелігіндегі бір жеңіл, бір жүк көлігін емін-еркін пайдаланатын ауылдың кішігірім шонжары болу «бақыты» бұйырмады. Диагноз қойып, бюллетень жазудың орнына мақала жазамыз деп елден шығандап кеттік. «Бұл дүниеде адам емдеуден артық өнер бар ма?», – деген әкейдің сөзі құлақ түбінде жаңғырып тұрса да, шығармашылық ортаның иіріміне сүңгідік.

Мына қызықты қараңыз. Бір кезде «Қатардағы дәрігер бол», – десең де, кірпідей жиырылатын бала әйгілі хирург-травматологқа айналды. Қазір – еліміздегі ең ірі әскери аурухана басшыларының бірі. Әскери шені – полковник. Сөйтіп, ол да әкей армандағандай, Қаратерең ауылдық ауруханасының бас дәрігері бола алмады. Есесіне, бір емес, бірнеше дәрігер шықты біздің шаңырақтан. Тіпті төңірегімізді түгел ақ халаттылар басып қалды десе де болғандай. Дәрігер ұл, дәрігер қыз, дәрігер келін, дәрігер күйеу бала, дәрігер қайын ата, дәрігер ене...Осылардың ішінен суырылып шығып, қаламгерлікке ертерек бет бұрғанымыз да дұрыс болған шығар.
Қандауыр ұстаған қаламгер
Шайырлардың, ғажабы, Шашынан көп азабы. Шипасы мол қолымен, Шығармасын жазады! (Журналистік фольклордан)
Студент атанып, айналамызға зер салған кезде-ақ, кәнігі қаламгерлердің арасында да дәрігерлікке таласы бар жандардың жүргенін аңғардық. Тіпті бірқатары медицина саласында талай жыл қызмет істеген. Кейбірі денсаулық сақтау мәселелері жөнінде бірнеше ғылыми еңбек жазған. Кезінде дәрігер болып, адам емдеп, кейін қаламгерлікке біржола бет бұрғандар да, керісінше, ақ халатын тастамай, денсаулық күзетінде жүріп-ақ жазуын тоқтатпағандар да баршылық көрінеді. Әсіресе, студент кезде бәріміз жаппай жатқа айтатын: Күндерді ұмыт бөлмеге сыймай күлген. Күндерді ұмыт ерекше сыйлай білген. Өкпелеймін осылай сүйгендіктен, Шынымды айтсам, ешкімге қимаймын мен!, – деген өлең жолдарын көркем кестелеген Күләш Ахметованың бұрынғы медицина қызметкері болып шығуы бізге кәдімгідей әсер етті. «Осындай нәзік жанды ақын қыз жұрттың тәнін ауыртып, қалай ғана укол салады екен», – дейтінбіз. Күләш апайымыз да әкесінің тілегімен Тараз медучилищесіне түскен. Оны бітірген соң Үшарал маңындағы төртінші бөлімшенің дәрігерлік пунктін басқарған. Бір жыл бойы бүкіл ауылды емдеген. Бірақ бәрібір ақын қыздың ықыласы Алатау жақтағы әдеби ортаға ауған да тұрған. Ақыры, медпунктті өзге әріптесінің қолына тапсырып, Алматыға аттанған. Күләш апайдың бұдан кейінгі тағдыры баршамызға белгілі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова – бүгінде өз отбасының жеке шипагері. «Осы мамандыққа жетелеп әкелген әкеме ризамын», – дейді ол.

Бұл салада биік дәрежеге жетіп, Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі және КСРО Медицина ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған Ишанбай Қарақұлов «Қырық сұрақ, «Қыз сыры», «Сырласу» атты тағылымдық кітаптар жазды. Ишанбай ағаның ауызша әзіл әңгімелері де жұртшылық арасына кең таралған.1945 жылы Иркутск медицина институтын бітірген Зейін Шашкин бес жыл Бурабайдағы «Бармашы» санаторийінде отоларинголог дәрігер болған. Жазушының «Доктор Дарханов» атты романы баршаға белгілі. Бұл әдебиетіміздің тарихындағы дәрігерлерге арналған тұңғыш роман еді. Шығарма басталған кезде бас кейіпкер Нияз Дархановтың Шортанды көлінің жағасында ойға шомып отыратын сәті оқырманның есінен шыға қоймаған болар...

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, шығыстанушы ғалым Санжар Асфендияров та – Халелден соң аталған әскери-медициналық академияны тамамдаған түлектердің бірі. Ол бірінші дүниежүзілік соғыста дәрігер болған. Қазіргі Алматы медицина университетінің бір кезде Қаз АССР Денсаулық сақтау халық комиссары, осы оқу орнының директоры болған С.Асфендияровтың атымен аталуы бекер емес.Кейінгі жиырма-отыз жылдың бедерінде Сұлтанбек Ешмұхамбетов, Әбдісабыр Өмешұлы, Сағындық Ордабеков сынды дәрігер-қаламгерлер бой көрсетті. «Сарыағаш» санаторийінің таусылмас қызықтары, сонда демалған танымал тұлғалардың хикаялары жөнінде үнемі ой толғайтын Айтбай Тәсілов деген шипагерді де білеміз.

Шығармашылық пен шипагерлік
Қара балам лор болар, Қабілеті зор болар. Құлақ-мұрның ауырса, Қамқорлығы мол болар! (Журналистік фольклордан)
Әлем әдебиетінде де қолына қалам ұстаған дәрігерлер жеткілікті. Әйгілі «Гаргантюа мен Пантагрюэльдің» авторы Франсуа Рабле медицина ғылымының докторы болған деседі. Ол өзінің жеке шығармашылығына ғана емес, қалың елдің денсаулығына да қатты алаңдапты. Атақты көріпкел әрі ақын Мишель Нострадамус IX Карлдың лейб-медигі (сарай дәрігері) болып қызмет істепті. Сөйтіп, талай ұлықтың дені-қарнының сау болуына шипагер шайырдың септігі тиген. Немістің ұлы ақыны, драматург Фридрих Шиллердің мамандығы – әскери дәрігер. Ол бүтіндей бір полкті емдеген. Шерлок Холмс секілді қайталанбас ғажайып кейіпкерді өмірге әкелген ағылшын жазушысы Артур Конан-Дойль Эдинбург университетінің медицина факультетін бітірген. Кейін медицинадан докторлық қорғаған. Құрт ауруын емдеу саласында айтарлықтай жаңалық ашқан. Соғыс кезінде майдан хирургі болған. Тағы бір ағылшын жазушысы, драматург Сомерсет Моэм де дәрігерлер санатынан. Ирланд жазушысы Джеймс Джойс та медицинамен шындап айналысқан.


Академик Камал Ормантаев бірде мені бір жолдасына «Айқын» газетінің бас дәрігері», – деп таныстырғаны бар. Миының қатпар-қатпарына дейін медицина ұғымдары ұялап қалған ардақты ағамыздың аузына «бас редактор» дегеннен гөрі «бас дәрігер» деген сөз бұрынырақ түседі. Бас дәрігер де, жас дәрігер де адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеуге тиіс. Бүгінгі қолына қалам ұстағандардың біразы шипагерлікке табан тірегенде дәрімен де, сөзбен де емдейтін нағыз «біздің сүйікті дәрігер» болар ма еді, кім біледі...Жазушы Қуандық Түменбай «Көзілдірік бауы салбыраған Антон Павлович (Чехов) әуелі дәрігер, сосын жазушы болып тарихта қалды. Пышақ пен қаламды қолына қатар ұстаған кірпияз адамды көргендей болам. Ол екеуіне де адал...», – деп жазды. Әрине, қаламгердің бәрі бірдей Чехов бола алмас. Шипагерлік пен шығармашылықты, шынайылық пен шеберлікті ұштастыру қайдан оңай болсын?! Бірақ ақ халатты ақ параққа айырбастағандар қай мамандықты қаласа да адал атқаратын секілді көрінеді бізге…
* * *
Ақ халат пен ақ парақты қатар ұстаған қаламгерлерді және бүкіл дәрігерлерді мерекелерімен құттықтаймыз! Халаттарыңыз жайлы, парақтарыңыз сайлы, қаламдарыңыз қуатты, көңілдеріңіз шуақты болсын!Бауыржан ОМАРҰЛЫ