Алматы облысында "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру ісіне байланысты бірден үш шенеунік қызметінен айырылды. Бұл ақпаратты 12 тамызда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды “Адырна”.
"Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков қызметінен босатылды. Сонымен қатар Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов те қызметтерінен босатылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды", – деді Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева.
Айта кетсек, 31 шілдеде Алматы қаласының әкімдігі "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталығының аумағында тұрып, Алматыда білім алуды жалғастыратынын мәлімдеді. Алматы және Алматы облысы әкімдіктері нысанды беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді.
Ал 1 тамызда Алматы қаласының әкімдігі "Баганашыл" балалар үйі қызметкерлерінің жұмыстан босатылуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.