Ақтөбеде мол өнім жиналды

875
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zl8DjmodUJ1mE0xpsgW6x2vagMgAo1K7yzobLQQR.jpg

Ақтөбе облысында бүгінге дейін ауыл шаруашылығы саласында 296,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,1% құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары мәлімдеді.

Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған аймақтардың бірі боп саналады. Өңірде жыл өткен сайын төрт түлік саны артып келеді. Яғни ата кәсіпті жандандырып, нәпақасын тауып отырған жандар аз емес. Аталмыш салаға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 14,5 млрд. теңге қаражат бөлініп, сәйкесінше мал басы өсіп отыр. Аймақта мүйізді ірі қара – 596,1 мың, қой мен ешкі – 1 228,8 мың, жылқы – 368,2 мың, түйе – 25,7 мың, құс – 1 281,8 мың басты құрайды. Ет өндірісі – 77,9 мың, сүт өндірісі – 142,4 мың тоннадан асып, өткен жылмен салыстырғанда 102,5%-ға өсім байқалады.

Ақтөбеде биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 755,6 мың га құрауда, оның ішінде 575,3 жазғы дақылдар, 15,3 мың га күздік дақыл, және көп жылдық шөптер. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егіс жұмыстары 575,3 мың га алқапта жүргізіліп, егіс жұмыстары агротехникалық мерзімінде аяқталды. Басқарма мәліметінше, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алқабы 13,2 мың гектарға және мал азығы дақылдары 42,8 мың гектарға ұлғайған.

Техникалар сайланған, шаруалар жағдайы жайланған

Өңірде биыл егіс науқаны басталмас бұрын егіс науқанына қажетті тұқым көлемі, дизель отыны, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы толығымен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы облыс бойынша дәнді дақылдардың егін жинау алқабы 426,4 мың га, майлы дақылдар 60,3 мың га, картоп және көкөніс-бақша дақылдары 6,1 мың га құрайды.

Егін жинау жұмыстарын жүргізуге 600 жуық астық ору комбайны, 1,5 мың трактор, 800 трактор тіркемесі мен 500 жүк автомобильдері жұмылдырылған.

Күзгі далалық жұмыстарына қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ету үшін 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға нарықтан әлдеқайда төмен бағаға дизель отыны 1 литріне 250 теңгеге берілген.

Егін жинау науқаны табысты аяқталды

Ақтөбе өңірінде биылғы ауыл шаруашылығы жұмыстары өз деңгейінде ұйымдастырылып, егін жинау науқаны сәтті тәмамдалған. Облыс шаруалары ауа райының құбылмалы жағдайларына қарамастан, барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын оңтайлы агротехникалық мерзімде жинап үлгерген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 426,4 мың гектар дәнді дақылдар алқабынан өнім орылған. Орташа өнімділік гектарына 13 центнерді құрап, барлығы 554 мың тонна астық бастырылған.

Сонымен қатар, картоп, майлы және көкөніс дақылдарын жинау да толығымен аяқталған. Атап айтқанда, 3,2 мың гектар жерден картоп жиналып, орташа өнімділік 204 центнерден, жалпы түсім 65 мың тонна, майлы дақылдар – 60,3 мың гектардан, гектарына 12 центнер өнім беріп, жалпы көлемі 70 мың тонна, 2,1 мың гектар алқаптан көкөніс дақылдары – 178 центнер өнім түсіммен 37 мың тонна көкөніс алынған.

Егіннің сапалы сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өңірде астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 685,1 мың тонна өнімді құрайды. Оның ішінде 381,0 мың тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, ал 304,1 мың тоннасы – шаруашылықтардың өз қоймаларында сақталады. Бұл көлем өңірде жиналған астық өнімін толық сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда облыста 15 астық кептіргіш қондырғы жұмыс істейді. Оның 8-і астық қабылдау кәсіпорындарында, 7-і ауыл шаруашылығы құрылымдарында орнатылған. Ауыл шаруашылығы саласының мамандарының айтуынша, биылғы науқан жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтті. Егін жинау техникасы толық дайындалып, жұмысқа уақытылы кіріскен шаруалар мол өнім алуға қол жеткізді.

Мемлекеттік бағдарламалар шарапаты

Ақтөбе өңірінде ауыл шаруашылығы саласы қаржылық қолдау мен техникалық жаңартулар арқасында тұрақты дамып келеді. «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарына 5,9 млрд теңге несие бөлінді, оның ішінде 1,1 млрд теңге «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілген.

Қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 60,6 млрд теңге болды, бұл жоспардан 107,8% жоғары. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда: биыл 1120 бірлік техника сатып алынып, жаңарту көрсеткіші 5,5% жетті.

Облыс тұрғындары 32 негізгі азық-түлік тауарларының 24-ін өз өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Ал қалған өнімдер басқа өңірлер мен импорт арқылы толықтырылады.

Қазіргі таңда облыста 100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді: диірмендер, наубайханалар, макарон цехтары, сүт өңдеу зауыттары, шұжық және тұшпара цехтары, өсімдік майын өндіретін зауыттар. Осындай жұмыстар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып отыр.

 

 

 

评论
其他材料