Облыс әкімі Міржақып мемориалынан заң бұзу әрекетін көріп отыр

244
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sWmUcXLRUaZcSRENMAJmlzuxIpbGDZ656iiQT1wc.webp

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петровка ауылында орналасқан Алаш зиялысы әрі ақын Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешендегі оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кешеннің құрылысын әдебиеттанушы және тарихшы Заңғар Кәрімхан әлеуметтік желіде жариялаған фотосуреттерден кейін назарға алынды. Облыстық әкімдік баспасөз қызметі хабарлағандай, кешеннің құрылыс жұмыстары адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін заңбұзушылықтар анықталғандықтан уақытша тоқтатылған.

Әкімнің айтуынша, мемориалды салу үшін бастапқыда ресми рұқсат алынбаған.

«Кез келген құрылыс — ол ескерткіш пе, әлде тұрғын үй ме — жобалық-сметалық құжаттар рәсімделіп, жер тіркелгеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Мұнда ешқандай құжат болмаған. Аудан әкімінен сұрағанымда, олар құжатсыз құрылыс тоқтатылғанын айтты. Кәсіпкер жауапкершілікке тартылды», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Әкім сондай-ақ, барлық қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін құрылыс жұмыстары қайта жалғасатынын жеткізді.

Бұдан алдын Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңында орнатылған Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешеннің бұзылғаны туралы хабар әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары мен алаштанушы ғалымдар бұл әрекетті «қасақана жасалған вандализм» деп бағалаған. Ал кешенді тұрғызуға атсалысқан кәсіпкерлер жұмысқа жергілікті әкімдік кедергі келтіргенін айтса, облыс әкімінің орынбасары керісінше, құрылыс рұқсатсыз басталғанын мәлімдеген.

Мұның бәрі құрылысты бұзуға әрекет белгісі байқалып, символдық мәні бар қыран мүсіні, жарық шам бағандары және мемориалдық тақта зақымдалған соң айтылған. Желіде тараған ақпаратта облыс әкімдігі «Алаш қайраткерлеріне 28 метрлік ескерткіш орнатуға болмайды» деген уәж білдіргені айтылған. Алайда бұл пікірге қатысты ресми түсініктеме жоқ. Мұндай әрекеттің себебі түсініксіз екені, кешен толық бұзылмағанымен, үлкен зиян келгені айтылған болатын.

 

评论