НАТО стандартындағы қару. Артиллериялық оқ-дәрі зауыты салынып жатыр

186
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tJ6h5MnfnDHIgUdHl1oEv58UWeQLU490HMX18LUQ.jpg

 

Қазақстанда артиллериялық оқ-дәрі өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы басталды. Жоба ASPAN бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс ішкі армияның қажеттілігін өтеп қана қоймай, болашақта экспортқа да бағытталмақ, деп хабарлайды "Адырна".

Жобаны Great Sky компаниясы іске асырады. Алғашқы нысан — ASPAN-1 зауыты артиллериялық снарядтар мен миналардың корпустарын өндіретін болады. Өндірісті іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Жоба туралы Great Sky компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Андрей Тихоненко мәлімдеді. Оның айтуынша, өндіріс қазақстандық шикізат базасына сүйенеді. Атап айтқанда, отандық металл, мақта, қышқылдар және өзге де материалдар пайдаланылмақ. ASPAN бағдарламасының жалпы құны шамамен 500 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Жоба аясында Қазақстан Қарулы күштерінде қолданылатын:

  • 82 мм және 120 мм миномёт миналары,

  • 122 мм және 152 мм артиллериялық снарядтар шығарылмақ.

Сонымен қатар экспортқа бағытталған НАТО стандартындағы оқ-дәрілерді өндіру де көзделген. Олардың қатарында:

  • 155 мм (M107, M795) артиллериялық снарядтар,

  • 60 мм миналар бар.

Great Sky — Астанада тіркелген қазақстандық компания. Kompra деректеріне сәйкес, компания құрылтайшыларының бірі — Айбек Барысов, ол Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының басқарма төрағасы. Компания қызметінің негізгі бағыттары ретінде металл бұйымдарын өндіру, сондай-ақ қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар көрсетілген.

Жоба туралы ақпарат Ресей тарапынан да реакция тудырды. РФ Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлёв Қазақстанның НАТО стандартындағы оқ-дәрілерді өндіруге көшуін «достыққа жат қадам» деп аттандаған. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания 2025–2026 жылдарға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойған болатын. Құжат бейбітшілік миссиялары, тілдік даярлық және қазақстандық офицерлерді Ұлыбританияның әскери академияларында оқыту мәселелерін қамтиды.

 

评论