«Қол-аяғын байлап, аузын скочтаған». Таразда қамқоршысы бар Құндыздың жағдайы алаңдатып қойды

240
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PwXXA1t0p7Ma0KjUUvC2MKcNNA1E9nD4oyQ3ojOt.jpg

Әлеуметтік желілерде Құндыз есімді қыздың қолы мен аяғы байланған, аузы скочпен жабылған фотосуреттері таралып жатыр. Бейнеде Таразда арнайы қамқоршылардың қолында тұрып жатқан әпкелі-сіңлілі қыздардың біреуі Құндыз екенін көруге болады, деп хабарлайды "Адырна".

Журналист Руслан Өтепбай аталған жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Жамбыл облысының полициясынан жедел түрде әрекет етуді талап етті.

Журналистің айтуынша, ол оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Құндыздың қамқоршысы Зүльфиямен байланысқа шығады. Алайда қамқоршының берген түсіндірмесі күмән тудырған.

«Мен байланысқа шықтым, бірақ айтқандары бір-біріне сай келмейді. “Мен байлаған жоқпын” деп ақталып отыр. Бұған сенбеймін», – деді Руслан Өтепбай.

Ол Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарын, сондай-ақ қалалық полиция департаментін бұл жағдайды назарға алып, жан-жақты тексеруге шақырды.

«Аталған бейнежазба шұғыл назарға алынып, полиция бөліміне тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен барлық мән-жайды жан-жақты әрі мұқият анықтауға бағытталған қажетті тексеру жұмыстары жүргізілуде», деп жауап берді Жамбыл облысының полициясы.

Сондай-ақ, журналист ертең Тараз қаласына өзі баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

 

评论