Сот санкциясынсыз ұстау. Бас прокуратура 48 сағаттық мерзімге қарсы

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pnJevS7RyYBEhBtDx08U0oBBEGYrOiD2i82lZamV.png

Бас прокуратура сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту туралы ұсынысты қолдамады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы Конституциялық комиссияның екінші отырысында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев мәлімдеген.

Оның айтуынша, Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты негізгі кепілдіктер қазірдің өзінде бекітілген. Ал ұстаудың нақты 48 сағаттық мерзімін және оны ерекше жағдайларда ұзарту негіздерін Ата заңда нақтылау артық болмақ.

«Қолданыстағы тергеу-сот тәжірибесі күдіктілерді 24–36 сағат ішінде босатуға мүмкіндік беріп отыр. Ал нақты мерзімді Конституцияда бекіту болашақтағы реформаларды қиындатады», – деді Жандос Өміралиев.

Ол алдағы уақытта ұстау мерзімін одан әрі қысқарту қажеттілігі туындаса, Конституцияға өзгеріс енгізу күрделі рәсімдерден өтуді талап ететінін, бұл заңнаманың икемділігін шектейтінін атап өтті.

Сонымен қатар Бас прокуратура Конституцияда басқа да құқықтық нормаларды бекітуді қолдайтынын жеткізді. Атап айтқанда, күдіктіге құқықтары мен айып тағу негіздері түсіндірілмеген жағдайда тергеу әрекеттерін заңсыз деп тануды көздейтін Миранда қағидатын енгізу бастамасы қолдау тапты. 

Сондай-ақ, адам ұсталған сәттен бастап адвокаттың міндетті түрде қатысуы қажет екені айтылды.

«Адамға күдікті мәртебесі берілген алғашқы сәттен бастап оның білікті қорғауға құқығы қамтамасыз етілуі тиіс. Өкінішке қарай, тәжірибеде көптеген азаматтар өз құқықтарын толық біле бермейді», – деді Бас прокурордың орынбасары.

评论