Жеке деректерді қорғауды Конституцияда бекіту ұсынылды

135
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SXJNSSF6aLRgxKsUgIA5sxDvbsiIpfCulWcb47NR.jpg

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов жеке деректерді қорғауға арналған бапты қолдады.

«Бұл – жеке құқықтар мен бостандықтар. Олар ҚР Конституциясында бекітіліп, мемлекет тарапынан кепілдендірілуі тиіс. Себебі бұл адамның ең құнды жеке бостандықтарын пайдалануға мүмкіндік беретін құндылықтар: өмірге және жеке қауіпсіздікке құқық, жеке және отбасы өмірінің игіліктері, моральдық және рухани тұтастық, өмірін, бостандығын, жеке тұлға ретіндегі абыройын қорғау қажеттілігі», – деді депутат.

Марат Башимовтың айтуынша, жеке құқықтар мен бостандықтардың негізгі мәні мынадай конституциялық формуладан туындайды: «Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең жоғары құндылықтары».

«Адамның жеке өмірі – оның қоғамға немесе мемлекетке жариялағысы келмейтін қырларынан тұрады. Бұл – жеке тұлғаның ерекше тәуелсіздігі, ол қоғам мен мемлекеттің бақылауына жатпайды», – деді спикер.

Мұнда жеке деректердің заңсыз жиналуы, өңделуі, сақталуы және пайдаланылуынан бостандық туралы сөз болып отыр. Бұл, соның ішінде, цифрлық технологияларды қолдану арқылы өңделетін деректерді де қамтиды.

«Бұл жеке құқықтар мен бостандықтар тобы жеке және отбасы өмірінің қорғалуына кепілдік береді: жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық құқығы. Жеке бостандыққа қатысты конституциялық құқықтардың құрамына әр адамның жеке деректерін заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалануынан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы, бостандыққа құқығы сияқты маңызды құқықтарды енгізу қажет», – деп атап өтті депутат.

Марат Башимов Қазақстан заңнамасында жеке деректерді қорғауға бағытталған нормалар бар екенін де еске салды. Атап айтқанда, ҚР «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңының 11-бабына сәйкес, меншік иелері, операторлар және үшінші тұлғалар шектеулі қолжетімді жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге және субъектінің келісімінсіз немесе заңды негізсіз оларды таратуға жол бермеуге міндетті. Сондай-ақ биометриялық деректердің құпиялылығы бөлек бекітілген.

Бұдан бөлек, ҚР Қылмыстық кодексінің 148-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке өмір құпиясын заңсыз бұзу екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Айта кетейік, кәсіби құпияларға да ерекше назар аударылады. «Белгілі бір мамандық өкілдеріне азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сеніп тапсырылған жеке және отбасылық құпияларды кәсіби құпиялар деп қарастыру қажет. Оларға дәрігерлік, адвокаттық құпия, тәубе ету (исповедь) құпиясы, алдын ала тергеу құпиясы, нотариалдық әрекеттердің құпиясы және басқа да құпиялар жатады», – деп атап өтті Башимов.

评论
其他材料