Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға әзір – Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді

16
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/riCDzniu35Pe1jwRD1TqLzqTrbQztLRxubEF4wOC.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Инвесторларды қолдау және Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен қолдана отырып, жаңа буынның жоғары технологиялық өндірістерін бірлесіп қалыптастыру мәселелері қаралды.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша проактивті инвестициялық саясатты енгізу жұмыстары жүргізуде. Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация ұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін институционалдық құрылым қалыптастырылды: халықаралық сарапшылардың қатысуымен ЖИ дамыту жөнінде Президент жанындағы кеңес құрылып, Цифрлық штаб жұмыс істейді. Цифрлық кластерді нығайту үшін халықаралық Alem.ai ЖИ орталығы ашылды, сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» мен Astana Hub экожүйесі жүзеге асырылуда. Технологиялық жобалардың ауқымын кеңейту үшін стартаптардың үдеткіші ретінде Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылды. Құны $1 млрд-тан асатын Playrix, Mytona және NetCracker сияқты ірі компаниялар қазақстандық нарыққа енді.

«Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элементтер саналады. Бұл ретте Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға ашық әрі табысқа жетуге және еліміздің дамуына ықпал ететін шешімдерді бірлесіп талқылауға әзір», — деп атап өтті Олжас Бектенов отырыста сөйлеген сөзінде.

Премьер-министр Кеңестің 37-ші жалпы отырысының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу нәтижелерін тыңдады. 2025 жылы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде инвесторлық виза берудің жаңа ережелері бекітілді. Шетелдік азаматтар үшін 10 жылға дейінгі тұруға рұқсат беруді көздейтін «Алтын виза» енгізілді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған «бұлтты» сервистерді пайдалануды реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты жаңа нормаларды түсіндіру және шетелдік тараптар көтерген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.

Кеңестің 38-ші пленарлық отырысына дайындық барысы туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстанда цифрлық елге айналу жолындағы құқықтық және технологиялық база қалыптасты: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер дәйекті түрде енгізілуде, отандық тілдік үлкен модельдер мен мемлекеттің цифрлық сервистері дамуда. Басты назарда адами капиталды дамыту және цифрлық кластерді нығайту мәселесі тұр.

Отырыста инвестициялық саясатты жүзеге асыру; энергетика, экология және мұнай-газ саласы мәселелері; еңбек заңнамасы, адами капиталды дамыту және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері; цифрландыру; денсаулық сақтау және фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмыс топтарының баяндамалары тыңдалды. Тауарлардың кедендік құны және ҚҚС бейтараптығы, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мұнай-газ секторындағы метан қалдықтарын реттеу мәселелері қозғалды, шетелдік жұмыс күшін визалық қолдау, тәлімгерлікті ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Көпшілікке арналған «бұлтты» сервистерді реттеу мәселесінде инновациялар мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті ұстау қажеттілігі айтылды, денсаулық сақтау бойынша кәсіптік даярлық, тағылымдама мен дуальды білім беру бағдарламасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Инвесторлар көтерген мәселелер бойынша Ұлттық экономика, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары пікірлерін білдірді.

Энергетика саласына цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Әуе электр желілерінің ақауын тексеруде сәтті жүзеге асып жатқан ЖИ-дефектоскопиясының жоғары тиімділігі атап өтілді. Мәселен, пилоттық жоба аясында 2 күн ішінде 618 ЭТЖ тірегі тексеріліп, 2 мыңнан астам сурет өңделіп, 7 мыңға жуық ақау анықталған. Типтік үлгідегі зақымдануды тану дәлдігі 98%-ға жетті, соның ішінде оқшаулағыштардың ластануы мен шытынауы, тіректердің деформациясы, бекітпелердің болмауы және желілердің үзілу қаупі нақты анықталды. Сондай-ақ тепловизия және лидар жүйелерін енгізу цифрландырудың әсерін күшейтіп, кешенді диагностикаға көшуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жылу желілерінде акустикалық резонанс негізінде роботтандырылған құбырішілік диагностика жүзеге асырылуда. Бұл жаңашылдық құбырларды сол күйінде ішінен тексеруге және жөндеу жұмыстарын нақты қажет жерлерде жүргізуге мүмкіндік береді. Шымкенттегі пилоттық жоба 2025 жылы 1,2 шақырымдық жылу желілерін тексеру кезінде 70%-дан астам үнем жасауға болатынын көрсетті. Одан бөлек, газ саласында газ есептегіштерінің көрсеткіштерін фотосы бойынша автоматты түрде тану үшін мобильді қосымшаға ЖИ көмекшісі енгізілді. Шешім операторларға түсетін жүктемені азайтып, адам факторына байланысты қателерді болдырмауда тиімді екенін дәлелдеді.

Шетелдік инвесторлармен ашық диалог барысында көптеген мәселелер талқыланды.

Marubeni корпорациясы жапондық компаниялардың ЖИ және цифрлық технологияларға қатысуына, соның ішінде оларды әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін қолдану мүмкіндігіне қызығушылық білдірді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart Data Ukimet-те «Отбасының цифрлық картасы» негізінде жасанды интеллектінің практикалық жағдайларын мысалға келтірді, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиянның» дамуын атап өтті. 

Polpharma компаниясы пациенттердің қауіпсіздігі мен жалған дәрі-дәрмектермен күресу мәселелерін көтерді. Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап препараттарды міндетті таңбалауды және нарықтан дәрі-дәрмектерді іріктеудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу жоспарлары туралы хабарлады.

Сондай-ақ CNPC, EY, JP Morgan, Kazzinc (Glencore) компаниялары мұнайды тасымалдауға арналған тарифтер, деректерді локализациялау және оларды трансшекаралық жолмен беру жөніндегі талаптарды жаңғырту, тау-кен-металлургия кешенінде салық салу және басқа да мәселелерді өзектендірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығымен бірлесіп барлық айтылған мәселелер мен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.

Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесті.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесуде Қазақстанның ЕҚДБ-мен стратегиялық әріптестігінің перспективалары, оның ішінде басым салалар талқыланды. Банк жұмысының барлық кезеңінде елімізде $12 млрд-тан астам сомаға 345 жобадан тұратын пул құрылғаны атап өтілді. 

Халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылдың жаңа форматы қаралды: енді жұмысты Премьер-министрдің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі реттейтін болады. ҚР Үкіметінің бірлескен бастамаларды үздіксіз жүзеге асыру үшін қолдауды қамтамасыз етуге әзірлігі атап өтілді.

Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадинмен кездесу барысында цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және Қазақстанда VEON Group бірлескен жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Beeline Kazakhstan компаниясының 11 млн-нан астам абонентке қызмет көрсетуге және цифрлық инклюзия мен цифрлық сауаттылықты арттыру жөніндегі бастамаларға қатысуға қосқан үлесі атап өтілді.

Премьер-министр Үкіметтің қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін растады және салалық министрліктерге айтылған ұсыныстарды, соның ішінде ЖИ және цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жаңа инновациялық жобаларды пысықтауды тапсырды.

评论
其他材料