Алашорданың ақырғы күні – бодандықтың жалғасы

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EAW54nyQ8rrSIodXBRhVf253Y3eM7Rkqf7b1JS6K.jpg

1920 жылдың 9 наурызында Казревком 1917 жылы Қазақ даласында құрылған тұңғыш ұлттық үкімет – «Алашорда» автономиясын және оның аймақтық бөлімшелерін тарату туралы шешім қабылдады.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың көрнекті зиялылары ұлт мүддесі жолында бірігіп, «Алаш» қозғалысын қалыптастырды. Бұл қозғалыс пен «Алашорда» үкіметінің қазақ тарихындағы орны ерекше.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясы құрған ұлт-азаттық қозғалыс тарихта «Алаш қозғалысы» деген атпен белгілі. Бұл ұғым үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады:

  • «Алаш» партиясы;
  • «Алаш автономиясы» атты қазақ мемлекеттігі;
  • сол автономияны басқарған «Алашорда» үкіметі.

Алаш қозғалысының жетекшілері ұлттық мүддеге сай үш негізгі мақсатты алға қойды. Біріншіден, патшалық Ресей отарлау саясаты кезінде бөлшектеніп кеткен қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру. Екіншіден, ұлттық бірлікке негізделген қазақ мемлекеттігін жаңғырту. Үшіншіден, реформа мен эволюциялық даму жолы арқылы Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына қосу.

1920 жылы кеңес өкіметі күштеп таратқан Алашорда автономиясынан кейін, қазақ халқы тағы да 71 жыл бойы бодандық жағдайда өмір сүрді.

Ал елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ зиялыларының басым бөлігі кейін сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Олардың армандаған тәуелсіздігіне қазақ халқы тек 1991 жылдың соңында, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғана қол жеткізді.

评论
其他材料