14 наурызда Қырғыз Республикасының Жоғары кеңесінің (Жогорку Кеңеші) депутаты әрі бұрынғы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Ташиевтің інісі Шаирбек Ташиев өз еркімен депутаттық мандатынан бас тартты.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы оның жеке өтініші негізінде депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Комиссияның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, осыдан кейін депутаттық куәлігі жарамсыз деп танылған.
Шаирбек Ташиев сайлаушыларға жолдаған үндеуінде бұл шешімнің оған оңай тимегенін айтты. Оның сөзінше, ол мемлекет мүддесі мен халық сенімін басшылыққа алып, елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдағы тыныштық үшін осындай қадам жасауға мәжбүр болған. Сонымен қатар соңғы уақытта әлеуметтік желілерде өзі мен отбасы туралы жалған ақпараттар мен жала кеңінен таралып, жақындарының тыныштығына әсер еткенін атап өтті.
Оқиғалар алдында, 13 наурыз күні Шаирбек Ташиев Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасына жауап беруге шақырылған. Алайда оның қандай іс бойынша шақырылғаны ресми түрде жарияланған жоқ.
Бұл жағдай интернетте бірнеше компромат материалдардың таралуымен қатар жүрді. Әлеуметтік желілерде оның казинода 1,32 миллион доллардан астам қаржы ұтылғаны туралы видео тарады. Кейбір деректерде қарыздың бір бөлігін қылмыс әлемінде беделді тұлға саналатын Камчы Кольбаев өтегені айтылған. Бұдан бөлек, мұнай базасын сатып алу, Pepsi зауытын салу жобасы және жұбайына қымбат сыйлықтар беру туралы ақпараттар да жарияланған.
Айта кету керек, ақпан айында Қамшыбек Ташиев ҰҚМК төрағасы қызметінен кеткеннен кейін Шаирбек Ташиев мандатынан бас тартпайтынын айтып, «қорқақтардың қатарынан емеспін» деп мәлімдеген болатын.
Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты пікірлер екіге бөлінді. Кейбір қолданушылар депутат мандатын тапсыру компромат видеолар мен тергеу қысымынан кейін болғанын айтып, мұны Ташиевтің айналасындағы адамдарды «тазалау» деп бағалады. Ал басқалары бұл шешімді қолдап, осындай көлемдегі айыптаулардан кейін оның қызметтен кеткені дұрыс болғанын айтады.
