Ерекше әсер сыйлайтын актриса

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fZN0Jj9M2mxCam0gZSF1IG7ekM93Qx1FI93OPqGY.jpg

Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының белді актрисаларының бірі, Дүйсен Мақпалды көрермен қауым жақсы таниды. Әрдайым еңбекқорлықты, талмай ізденісті жақсы көретін Мақпал замандасымыз халық жүрегінен жол таба білді. Өз басым Мақпалды сонау қызықты сәттерге толы, студенттік шақтан танимын.

Барлығымыз 2016 жылы қазіргі К.Байсейтова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне оқуға түсіп, бір-бірімізбен таныс болдық. Ол кездері өнер ордамызда көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Әшірбек Төребайұлы Сығай ата ұстазымыз негізін қалап кеткен «Ес-аймақ» мәдени-танымдық бірлестігі қарқынды түрде ұйымдастырылатын. Жаңа оқу жылының алғашқы «Ес-аймағының» құрметті қонағы болып, ақын Қалқаман Сарин келетін болды. Біздің бөлмеге жоғары курс оқитын, Күнай есімді қыз, қолыңа гитарасын асынған Мақпалды ерте келді. Ондағы ойы ұйымдастырушыларға Мақпалдың дауысын тыңдатып, аталмыш шараға қатыстыру. Мақпал гитарамен ақын сөзіне жазылған Медет Салықовтың «Жібек сезім» әуенін  орындады. Мақпалдың дауысын естіп, баршамыз тәнті болдық. Қалқаман Саринмен кездесуде Мақпалдың дауысы күллі залды елтітті, тыңдарманның жүрегіне жол тапты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жаңашыл режиссер, ұлағатты ұстаз Асхат Максимұлы Маемиров-Мақпалдың өнердегі әкесі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Мақпалдың үлкен сахнаға жол тауып, белестерге қол жеткізуге өнердегі әкесінің еңбегі зор.

Ұстаздың тағылымды тәлімі, бағыт-бағдары шәкірт Мақпал үшін үлкен азық болды. Мақпалдың театр сахнасында ең алғаш тұсауын кескен де, Асхат Максимұлы болатын. 2017 жылы «Astana Musical» театрында Ж.Пресгювниктің «Ромео-Джульетта» мюзиклі сахналанып, Джульетта бейнесі Мақпалдың дебюттік бейнесі болды.
«Астана-махаббатым менің» мюзиклі көрерменге жол тартты.

Аталған қойылымда Мақпал басты кейіпкер Жанарды нұсқалады. Талантты актер Саламат Мұқашев екеуі үйлесімді тандем жасап, театр әлеміндегі ерекше спектакльдердің бірі болды.  Мақпал Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының негізін салушылардың бірі. Мұндағы «Абай-Тоғжан» драмасындағы Керімбала, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінде Қыз Жібек, “Қоштасқым келмейді” драмасындағы Козлова және тағы да басқа кейіпкерлермен толығып жүр. Керімбала-Тоғжанның жеңгесі. Абай мен Тоғжанның қосылуына тілеулес жанның бірі. Мақпал-ойнақы көз, қуақы сөз арқылы Керімбала бейнесіне жан бітіріп, түрлендіреді. Тоғжан-нәзік, ұяң, ұялшақ болса, Керімбала бұған қарама-қарсы образ. Пысық, алғыр, сөзге шешен Керімбала-Мақпал қойылымдағы біріктуші кейіпкер.  Музыкалық жас көрермендер театрында Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусуловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінде Қыз Жібекті әр актриса әр түрлі бейнелейді. Ал Мақпалдың «Қыз Жібегі»-екі елдің бірлігін ойлаған, татулықты ойлаған жан ретінде көрінеді. Мақпал ойынында тек қана нәзіктік ғана емес, бейбітшілікті, келісімді қалаған қазақ қызы жатыр. Мақпалдың сахнадағы кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайды. Әрдайым дараланып тұрады.  Бұл актриса үшін  қажеттілікттердің бірі. Мақпал осыны терең ұғына алған.

А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі шаңырақтың шайқалуын қозғайды. Актуалды қойылымда Мақпал «Козлова» бейнесін жасайды. Козлова-өнер мен өмір сахнасын шатастырып жүрген әйел. Күйеуін ұғынғысы, түсінгісі келмейді. Отбасынан не болып жатқанын бейхабар. Мақпал-Козлова арқылы қоғамдағы өзін жоғалтқан келіншектің болмысын айқындайды. Мақпал-әр рөлі арқылы жаңа өмір сүріп, көрерменге ерекше әсер сыйлайтын актриса. Мақпал-шекара асып, өзінің ата жұртына келіп, өмір мен өнер саласында өз бақытын тапты. Өрлей бер, заманас, асуларың азаймасын!

Бахтияр Тұрсын
Театртанушы

评论
其他材料