Бағдат қаласында белгісіз адамдар америкалық журналист Шелли Киттлсонды ұрлап кеткен. Күдіктілердің бірі ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі INA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ирак ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 31 наурыз күні кешке төрт белгісіз адам шетелдік журналисті ұрлап әкеткен.
Қауіпсіздік күштері дереу қылмыскерлерді қудалау операциясын бастап, барлау деректеріне сүйене отырып, олардың қозғалысын бақылауға алған. Кейін күдіктілердің бірі ұсталған.
«Қудалау және іздестіру нәтижесінде қылмыскерлерге тиесілі автокөлік тоқтатылды, ол қашу кезінде аударылып қалған. Қауіпсіздік күштері күдіктілердің бірін ұстап, қылмыс жасау кезінде пайдаланылған көліктердің бірін тәркіледі», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта полиция қалған ұрлаушыларды және журналистің өзін іздестіріп жатыр.
РБК мәліметінше, ұрланған Шелли Киттлсон BBC, Politico және Al-Monitor басылымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Оның не себепті ұрланғаны әзірге белгісіз. Басылым сондай-ақ өңірде Иран қолдау көрсететін қарулы топтар әрекет ететінін, олардың бұған дейін Ирактағы АҚШ нысандарына шабуыл жасағанын атап өтті.
