«Тозақтың түбіне жібереді». Иран Трамптың ультиматумына қатаң жауап берді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/y6pgOfpL1WWDcesNaot1KHslkgVbLYYhcNzZVwH3.jpg

Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған ультиматумға қатаң жауап қайтарды. Бұл туралы ирандық жоғары лауазымды тұлғалар мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

4 сәуірде Дональд Трамп Иранға қойылған талаптарды орындау үшін берілген уақыттың аяқталуына 48 сағат қалғанын еске салды. Оның айтуынша, егер Тегеран ұсынылған шарттарға келіспесе, онда АҚШ тарапынан жойқын әскери әрекеттер болуы мүмкін. Ақ үй басшысы Truth Social желісінде Иранға келісім жасау немесе Ормуз бұғазын ашу үшін бұрын он күн уақыт берілгенін атап өтті.

Алайда Тегеран бұл талаптарды қабылдамай, Вашингтонға қарсы қатаң мәлімдеме жасады. Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрахим Азизи әлеуметтік желіде АҚШ басшысына қатаң ескерту жариялады.

"Иран сені де, сарбаздарыңды да тозақтың түбіне жібереді. Сендерге лайық орын сол", - деп жазды X әлеуметтік желісінде Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрахим Азизи.

Сонымен қатар, Иранның жоғары әскери басшылығының өкілі генерал Әли Абдоллахи Алиабади Дональд Трампты «агрессив әрі соғысқұмар» деп сипаттап, АҚШ тарапынан қандай да бір шабуыл жасалған жағдайда жауап қатал болатынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай жағдайда америкалықтар үшін «тозақ қақпасы ашылады».

Айта кетейік, бұған дейін де, 22 наурызға қараған түні Дональд Трамп Иранға 48 сағаттық ультиматум жариялаған болатын. Ол кезде де негізгі талаптардың бірі – Ормуз бұғазы арқылы қозғалысқа қойылған шектеулерді алып тастау еді. Талап орындалмаған жағдайда Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы беру мүмкіндігі айтылған.

Кейінірек АҚШ тарапы келіссөздер барысына байланысты бұл мерзімді бірнеше рет кейінге шегерген. Қазіргі таңда тараптар арасындағы шиеленіс әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

评论
其他材料